Шымкенттік тәртіп сақшылары білім ұяларында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Шымкентік полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударуда. Тәртіп сақшылары осы мақсатта қаладағы білім беру ұйымдарына «Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында №33 жалпы орта мектебінің оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында Абай АПБ ЖПҚБ КТІЖ учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Анар Махсудова мен полиция аға лейтенанттары Самат Анарбаев пен Қайрат Махамбетов мектеп оқушыларына кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі 23.00-ден кейін көшеде ата-анасының немесе заңды өкілінің еруінсіз жүруге тыйым салынғанын айтып, жалпы түсінік беріп өтті.

         Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалы мысалдар ретінде келтірілді және қылмыс істегені үшін жауапкершіліктердің түрлері түсіндірілді. Мамандар қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Кездесуге қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.

         Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты шаралар мұнымен бітпейді. Қызметкерлер білім беру ұйымдарында жоғарғы сынып оқушыларына, жасөспірімдерге, студенттерге, ата-аналарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдарын жеткізу және жаңа психоактивті заттардың таралуының алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруда.Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен қала әкімдігінің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мамандары бірлесіп, №55 мектептің жоғарғы сынып оқушыларына құқықтық сауаттылықты арттыру және есірткі заттарын тұтынудың зияндығы жөнінде арнайы сабақтар өткізді.Сабақ барысында оқушыларға зиянды әдеттердің қауіптілігі ескертіліп, олардан аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ntime.kz