Қала аумағын патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Бәйдібек би даңғылында пиротехникалық жарылғыш зат қолданып бара жатқан көлік жолаушысын байқады. Тәртіп сақшылары бірден «Ваз 21099» маркалы автокөлігін тоқтатты.
Тексеру барысында көлік салонынан 43 дана пиротехникалық жарылғыш зат тәркіленді.
Белгілі болғандай, 19 жастағы жүргізуші жанына досын ертіп, қала көшелерінде от шашудан «шоу» жасамақ болған. Ал, оң жақ жолаушы орындығындағы азамат көліктің әйнегіне отырып, пиротехникалық жарылғыш затты аспанға атқан.
Полицейлер заң бұзушылықты дер кезінде тоқтатты. Қызық қуғандарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі , 593-бабы және 436-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Автокөлік айыптұраққа қамалды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 25 желтоқсан — 3 қаңтар аралығында республика көлемінде «Пиротехника» ЖПІШ өткізіліп жатыр.
Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі