Полиция қызметкерлері құқықтық кеңес берді

Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға  қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық — бүгінде қоғамда жиі талқыға түсетін өзекті тақырыптардың бірі. Осы мәселеге қатысты Ішкі істер органдарының қызметкерлері түрлі профилактикалық жобалар ұйымдастырып, іс-шараларды қарқынды өткізіп келеді.

Осы тұста Шымкент ҚПД ЖПҚБ Зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері «Халыққа қызмет көрсету орталығына» арнайы барып тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты.

-«Аталған акция әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықты ескертуге, алдын алуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталады. Жанұя құндылықтарын қорғап, тиісінше зомбылық пен зәбірсіз өмір туралы толығырақ баяндаудамыз», — деді Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы Жаныл Қаныбекқызы.

Айта кетейік, полиция қызметкерлері қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасамауға, ауыр қылмыстарға бейімділік танытпауға шақырады. Сондай-ақ, отбасындағы туындаған кикілжіңдерге түсіністікпен қарап, ажырасуға, зорлық-зомбылыққа дейін жеткізетін мәжбүрлікке бармауға кеңес береді.