Ана мен нәресте өлім-жітімін болдырмау мақсатында Шымкенттегі қалалық перзентхана мен №2 қалалық аурухананың босану бөлімшесін 3-ші деңгейге, ал, №3 қалалық аурухананың босану бөлімшесін 2-ші деңгейге ауыстыру жоспарлануда. Қала әкімі Мұрат Әйтеновке берген есепті жиында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов осылай деді.Екінші деңгейде физиологиялық босандыру болса, 3-ші деңгейге өткенде, әртүрлі патологиясы бар пациенттерді қабылдауға мүмкіндік артады.Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің 30 пайызына Израиль, Германия, Ресей және Литваның жетекші мамандарымен шеберлік сабақтары өткізілетін болады.Басқарма басшысы 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамту ұлғайтылатынын және балалар ауруханасының базасында кардиохирургия, офтальмология, урология, эндокринология, неврология, нейрохирургия, комбустиология сынды жаңа бөлімшелер ашылатынын атап өтті. Ана мен нәресте өлім-жітімін алдын-алу үшін жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды 83 пайызға ұлғайту жоспарланған. Әкім басқарма басшысына тұрғындарға қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетілуін үнемі бақылауда ұстауды, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту бойынша жүйелі жұмыстарды атқаруды және адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі