Шымкенттік тәртіп сақшыларының қызмет атқару барысындағы ұстанатын басты қағидаларының бірі – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша азаматтарға мейлінше жақын болып, олардың мәселелерінің заң аясында жедел әрі сапалы шешімін табу.Нақ осы мақсатта қалалық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков Қаратау ауданы Полиция басқармасының әкімшілік аумағына кіретін «Асар-2» шағынауданына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.«Жұртқа жақын полиция» қағидатын алғы бастамаға қойып ұйымдастырылған іс-шарада мегаполистің бас полицейі аумақ тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер бойынша сауалдарға жауап берді. Атап өтсек, жергілікті халық ұрлық жайттарын болдырмау және бұл қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту туралы өтініштерін білдірді.Өз кезегінде, полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы азаматтардың тарапынан қойылған барлық сындарлы ұсыныс-тілектер дереу әрі тиімді қарастырылып, оларды іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында атап өткендей, «Полиция қызметінің сервистік модельге көшуі – басым бағыттардың бірі». Бұған сай, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен өзара серіктестікте шешуге баса көңіл бөлініп отыр. Осыған байланысты жұмысты одан әрі іске асыру мақсатында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлының тапсырмасына сәйкес, «Жұртқа жақын полиция» қағидатын негізге ала отырып, бүгін «Асар-2» шағынауданының тұрғындарымен кездесу өткіздім. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жеке құрамға бірқатар тапсырмалар берілді. Учаскелік полиция инспекторлары да тиісті талапқа сай әрі заң аясында шұғыл жұмысқа жұмылды. Қойылған тапсырмалардың орындалу барысы өзімнің жеке бақылауымда болады», — деп атап өтті департамент бастығы.Айта кетейік, аталған бағыттағы халықпен кездесулер алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Шымкент қаласының Полиция департаменті