Шымкент қаласы Қаратау ауданында абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыт аудан әкімдігі жұмысының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың ұсынысымен 49 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қолға алынды. Оның 31-і толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл жобалардың қатарында аулаларды жаңарту, жарықтандыру, көгалдандыру және демалыс аймақтарын салу сияқты тұрғындар үшін маңызды нысандар бар.
Аталған бастама арқылы тұрғындарға өз ауданының көркеюіне тікелей атсалысуға мүмкіндік беріліп отыр. Балалар мен жастарға арналған инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда Қаратау ауданы аумағында 239 балалар ойын алаңы және 109 спорт алаңы жұмыс істейді. 2025 жылы қосымша 27 жаңа ойын алаңшасы орнату жоспарланған, оның ішінде 19 нысан толық пайдалануға берілді. Қалғандары жыл соңына дейін тұрғындардың игілігіне ұсынылмақ. Сонымен қатар, биыл 3 жаңа спорт алаңы салынды, ал 4 ескі алаң қайта жөндеуден өткізілді. Бұл шаралар балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған.
Көгалдандыру мен көріктендіру жұмыстары да ерекше қарқынмен жүргізілуде. 2025 жылы аудан аумағында 12 жаңа гүлзар салу жоспарланған. Бұдан бөлек, олардың едәуір бөлігі – «Тұран», «Сайрам», «Нұртас», «Шапырашты» және басқа елді мекендерде толық абаттандырылып, тұрғындарға жайлы демалыс аймағы ретінде қызмет көрсетуде. Жеке демеушілердің қолдауымен қосымша бірнеше гүлзар пайдалануға берілді.
Ауданның көркін арттыру бағытында эстетикалық жобалар да жүзеге асуда. Мысалы, көпқабатты үйлердің сыртқы қабырғаларына заманауи муралдар салынып жатыр. Қазіргі таңда 7 тұрғын үйдің қасбеті түрлі тақырыптағы көркем суреттермен безендірілді. Сондай-ақ, Сайрам және Қызылсу тұрғын алаптарында биіктігі 20 метрлік мемлекеттік ту орнату жұмыстары жүргізілуде.
