Шымкент қаласында газ жүйесінің қауіпсіздігі талқыланды

газ жүйесінің қауіпсіздігі

Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы (әрі қарай – Басқарма) қала тұрғындарын табиғи газбен үздіксіз әрі апатсыз қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Қала аумағында жол құрылыстары, ғимараттар салу және инженерлік инфрақұрылым нысандарын (жылу, кәріз, су құбыры, электр желілері мен газ құбыры) жүргізу барысында орын алуы мүмкін апаттық жағдайлардың алдын алу – басты назарда.

Осы бағытта Басқарма тарапынан кешенді іс-шаралар қабылданып, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу және газ шығынын болдырмау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл ретте тек апатты болдырмау ғана емес, орын алған жағдайда оның салдарын жоюға арналған нақты жоспарлар мен жауапты қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібі айқындалған.

Апатты жағдайдың алдын алу мақсатында Басқарма құрылыс басқармасы, жайлы ортаны дамыту басқармасы және мердігер мекемелермен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Бірлескен іс-шаралар аясында алдын ала келісімдер жасалып, жобалық-сметалық құжаттарды үйлестіру, инженерлік желілердің орналасу схемасын нақтылау және жұмыстарды кезең-кезеңімен жоспарлау мәселелері қарастырылды.

Осыған байланысты арнайы түсіндіру сипатындағы жиналыс өткізіліп, онда газ құбырларын қорғау, құрылыс нысандарында қауіпсіздік ережелерін сақтау және газ жүйесіне қатысты жұмыстарды келісімсіз жүргізбеу қажеттілігі ерекше атап өтілді. Басқарма мамандары тарапынан мердігер ұйымдарға тиісті нұсқамалар беріліп, заң талаптары мен техникалық нормаларды сақтаудың маңызы түсіндірілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарының сапалы әрі қауіпсіз орындалуына, сонымен қатар тұрғындарды үздіксіз табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді.

Қала әкімдігі мен Басқарма өкілдерінің айтуынша, энергетика саласындағы қауіпсіздік мәселесі – стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Сондықтан да, инженерлік инфрақұрылымға қатысты кез келген жұмыс қатаң бақылауда болады.