Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады- деп айтқан болатын.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Түркия инвесторларымен кездесті. Нарықта 30 жылдық тәжірибесі бар әйгілі Alarko Holding A.S. өкілдері қаламызға жалпы құны 650,0 млн АҚШ доллар инвестиция құйып, 200 гектарға жылыжай кешенін салуға қызығушылық танытып отыр. Мегаполис үшін бірегей жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Қала аумағында бұрын-соңды болмаған алпауыт кешен Мартөбе тұрғын алабында құрылатын агро-индустриялық аймақта бой көтереді. Алдағы уақытта мұнда өзге де жылыжай кешендері салынатын болады. Жылына 40 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы агрокешенде қияр, қызанақ, болгар бұрышы, асбұршақ сияқты түрлі ауылшаруашылығы өнімдері егіледі. Жылыжай құрылымы толық іске қосылғанда мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Агроөнімдермен негізінен қала халқын қамтып, алдағы уақытта еліміздің өзге де өңірлері мен алыс-жақын шет мемлекеттерге жөнелту жоспарлануда.
“Ірі жобаларыңызды біздің қаламызда іске асыруға қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Біз үшін әрбір инвестор маңызды. Өз тарапымыздан сіздерге барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазір тиісті жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтару бойынша жұмыстар атқарылуда. Кешен құрылысын жүргізу үшін қолайлы жағдайлардың барлығы жасалып, агро-индустриялық аймақ қажетті инфрақұрылыммен қамтылатын болады”, — деді қала әкімі.
Жылыжай кешенінің құрылысы келесі жылы басталып, іске қосылады. Инвестициялық жоба жергілікті тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.