Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында Қаратау, Еңбекші және Әл-Фараби аудандарында орналасқан бірнеше әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты.
Алдымен қала басшысы Қаратау ауданындағы «Ифтихари» шаруа қожалығының жылыжай кешеніне барды. Мұнда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Жылыжай жыл сайын ішкі нарыққа 500 тоннаға дейін өнім шығарады. Әкім кәсіпорын жұмысымен танысып, жылыжай шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, агросекторды дамыту қала экономикасының тұрақтылығын арттыруда айрықша рөл атқарады.
Одан әрі «Өтеміс» тұрғын алабындағы «Meat Asia» ЖШС-нің мал бордақылау алаңына барды. Бұл кәсіпорын 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда ірі қара мал бордақыланып, дайын өнімдер ішкі нарыққа және еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтіледі. Қала әкімі мұндай жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, Шымкенттің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жұмыс сапарының келесі бағыты – Еңбекші ауданындағы 110/10 кВ «Сайрам» электр қосалқы станциясы болды. Бұл нысан «Базарқақпа», «Сайрам», «Қызылсу», «Абдуллабад», «Тассай», «Достық», «Шаңырақ», «Бадам-1» және «Бадам-2» шағын аудандарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін станцияның қуаты 16 мыңнан 25 мың МВт-қа дейін ұлғайып, тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарының өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ әкім Әл-Фараби ауданындағы Е.Жангелдин көшесіндегі №3 үйдің ауласында демеушілер есебінен абаттандырылған жаңа қоғамдық кеңістікті аралады. Аумағы 600 шаршы метрді қамтитын демалыс аймағында субұрқақ, орындықтар, жаяу жүргіншілер жолдары орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Қала басшысы Шымкенттің көркеюіне үлес қосқан демеушілер мен мердігер ұйым өкілдеріне алғыс білдірді.
Сонымен қатар Ғабит Сыздықбеков «Мұз сарайының» қазіргі жағдайымен танысып, нысанда жаттығу өткізуге жасалған мүмкіндіктерді бақылады. Әкім жауапты тұлғаларға тұрғындарға арналған ашық мұз айдынын ұйымдастыруды тапсырды. Оның айтуынша, қаладағы спорттық инфрақұрылымды дамыту – жастардың бос уақытын тиімді өткізу мен салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды тетігі.
Қала әкімі атап өткендей, Шымкенттің әлеуметтік, инженерлік және спорттық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Мұндай жобалар қала экономикасының тұрақты дамуына, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және Шымкенттің заманауи мегаполис ретіндегі келбетін нығайтуға бағытталған.
