Жастармен кездесу өтті

Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға  қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.

Шымкентте зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша білім беру мекемелерінде жасөспірімдер мен жастар арасында кездесулер өтіп жатыр. Қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен кезекті басқосу Болашақ колледжінде жалғасты. Кәсіби психолагтар студенттермен ашық форматта әңгіме жүргізді.

– Жүздесуде студенттерге жауапкершілік және өзін-өзі дамыту жайында  да кеңестер берілді. Шымкенттегі білім беру мекемелерінің барлығында психолог мамандар жұмыс істейді. Жасөспірімдер білікті мамандарға жүгінсе болады. Бірлеске іс ғана нәтижесін береді. Осы тұста, тек студенттерге ғана емес, ата-аналар да бала тәрбиесіне қатысты іс-шараларға атсалысса, жұмысымыз өз нәтижесін берер еді, – деді тәжірибелі психолог Жанат Атаева.

Іс-шара барысында студенттерге отбасында зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кеңес айтылды және олардың арасында психологиялық тренинг ұйымдастырылды.

Айта кетейік, отбасында зорлық-зомбылық әрекеттері байқалған жағдайда ұлттық сенім желісі 111 немесе 150 нөмері арқылы тегін хабарласуға болады.