Шымкент қаласының әкімдігі алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын басты назарда ұстап, жылу беру маусымының тұрақты және үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында жылумен қамту нысандарында кешенді жөндеу және алдын алу шараларын жүргізуде.
Гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 98 ақаудың 68-і немесе шамамен 70%-ы жойылды. Жөндеу жұмыстары магистральдық желілермен қатар, ішкі орамдық жүйелерде де қарқынды түрде жалғасуда.
Қаратау ауданы аумағында барлығы 616 көпқабатты үй бар. Оның ішінде 488 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне,138 үй автономды жылу жүйесіне қосылған.
Қазіргі таңда сервистік қызмет көрсетуші мекемелер тарапынан жүйелерді қысымдау (опрессовка) жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Бүгінге дейін 32 үй толық дайындықтан өтті.
Қалған тұрғын үйлер бойынша дайындық жоспарға сай кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
Жоспарға сәйкес, аудан аумағындағы барлық көпқабатты тұрғын үйлер толықтай қысқы маусымға дайындалады.
Көпқабатты тұрғын үйлерді дайындау ерекше бақылауға алынған. Қазіргі таңда 2 154 көпқабатты үйдің 456-сы толықтай дайындалған. Әлеуметтік маңызы бар нысандар — мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт мекемелері де жоспарға сәйкес әзірленуде, 212 нысанның 104-і дайын.
Сонымен қатар, қазандықтар мен сорғы станцияларын дайындау жұмыстары да жүргізілуде. 27 қазандықтың 16-сы, 40 мектеп қазандығының 20-сы дайын. Сорғы станцияларындағы жоспарланған жұмыстың 47 пайызы орындалған. Қазіргі уақытта жылу жабдықтарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
1 қыркүйекке дейін ескі құбырлардың жылу оқшауламасы толық ауыстырылады, 2 927 шибердің 80-і жаңасына алмастырылады. Бұдан бөлек, бірқатар нысандарда ғимараттар мен қоршауларды сырлау және әктеу жұмыстары жүріп жатыр. Қатты отынмен жұмыс істейтін қазандықтар үшін 1 650 тонна көмір сатып алу жоспарланған. Қала бойынша жалпы 137 учаскеде 33,2 шақырым жылу құбыры жаңартылуда, бұл жұмыстар 10 қазанға дейін аяқталады. «Күншығыс» шағынауданында ұзындығы 0,45 шақырым желі жаңартылып жатыр.
2029 жылға дейінгі ұлттық жоба аясында ТЭЦ-3 станциясынан бастап ОНС-1 негізгі сорғы станциясына дейінгі магистральдық жылу желілері қайта жаңғыртылады. Жобаның жалпы ұзындығы — 17 шақырым. Оның алғашқы кезеңі 2025–2026 жылдарға жоспарланып, осы аралықта 4,5 шақырым құбыр ауыстырылады.
Қала әкімдігі тарапынан қолға алынған барлық шаралар тұрғындарды жылусыз қалдырмай, қыс мезгілін қалыпты әрі қауіпсіз жағдайда өткізуге бағытталған. Жылыту маусымына дайындық жұмыстарының сапалы орындалуы – қала тұрғындарының қыстан аман-есен өтуінің кепілі.