Сіздерді арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!Тәуелсіздік – тұтас дәуір мен сан ғасырлық уақыттың бізге берген сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен асқан ұлы мұрат жоқ. Еліміздің Тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің көк байрақты жеңісі.Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген Қазақ еліне бүгінде әлем бейбітшілік бесігі ретінде қарайды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың 30 жылда бағындырған белестері аз емес.Тәуелсіздік күні – ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың ерен ерлігі мен жанкешті еңбегін еске алатын қастерлі мереке. Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана маңдайына бұйыратын бақ! Бұл кешегі бабалар ерлігінің рухымен жарқын болашақты көксеген замандасымыздың – елдегі әрбір азаматтың еселі еңбегінің жемісі.Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен қатар келген Арыс қаласының 65 жылдығы жоғары деңгейде атап өттік. Орта Азияның қақпасы атанған шаһарымызда бүгінде көптеген салалар бойынша жарқын жобалар жүзеге асырылып, дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл – қоғамның ортақ жеңісі.Қадірлі жерлестер!Біз Тәуелсіздігіміздің тағы бір жаңа парағын ашар тұста азат ел екенімізді, өткеніміз өнегелі, келешегіміз кемел екендігін зор мақтанышпен айта аламыз. Сондықтан да, кешегі өткен бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздікті қанша дәріптесек те артықтық етпейді. Ұлы мерекені ұлықтау ел болып еңсе тіктегінімізді көрсетеді. Қазақ үшін қандай мереке болса да оның бастауында – Тәуелсіздік күні тұрады.Ендеше, қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен ерлігін бағалау жолында бәріміз жұмыла еңбек етуіміз қажет.Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті сәнді, еткен еңбегіміз мәнді болсын!
Құрметпен, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова