Әскер -әліміз, армия — абыройымыз

Арыс — теміржолшылар кенті әрі әскери қалашығы бар аймақ. Қос салада еселі еңбек етіп жүрген жерлестеріміз жетерлік. Бүгін әскерилер туралы айтпақпын. 2019 жылы техногендік сипатта орын алған жарылыс әлі ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Әр арыстықтың жүрегінде оның жарықшақтары қалды. Ел басына күн туған шақта толарсақтан саз кешіп, қолұшын созар қасиет қанымызда бар қазақпыз. Содан бері ел үкіметі мен отандастардың ынтымақ-бірлігінің арқасында туған қаламыз адам танымастай өзгерді. Көрікті мекенге айналдық. Елдік те, ерлік те сын сағатта сыналады. Қаланың қауіпсіздігі мен азаматтардың амандығы жолында Қазақстан Қарулы Күштері, әскери қызметшілер де бірде-бір дамыл таппады. Шахарды оқ дәрілерден тазартып, залалсыздандыру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен әскери қызметшілер мен кәсіби саперлар әр ауысымда еңбек етіп жатыр.

Мың алғыс саған, жауынгер!

Жақында 27-ші ауысымдағы жарылыс салдарын жоюға келген әскерилер үшін Арыс қалалық мәдениет үйі кезекті концерттік бағдарламасын ұсынып, әскерилерді рухани қаруландырды. Қай кезеңде болмасын текті сөз, әуезді ән, жүректегі жыр адамзат баласының рухани азығы болған. Кеңес әскері жеңіске жеткен ІІ дүниежүзілік соғыста да Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова апаларымыз жауынгерлерге ән арнады емес пе? Ол еріккеннен емес, ерлерімізге ерік-жігер сыйлау еді. Бұл концертте де жаханнан келген әскерилер рухани әлденіп қана қоймай, Арыс қаласының қонақжай қасиеті мен әннің де құдіретімен сусындады. Айта кетейік, аталмыш концертте «Саперлар, алға», «Ұлттың ұланы», «Арыстың батырлары» әндерінің тұсауы кесіліп, ән авторлары Ш.Әлімбетов пен Роза Сұлтаналиеваға ҚР ҚК Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары, жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы А.Джумакеев арнайы құттықтады. Генерал-майор өзге де әскерилерге, олардың аналары мен жұбайларына, концерт ұйымдастырушыларына құрмет көрсетті. Бұл ретте Арыс қаласының 44859 әскери бөлімнің ерен жұмысына алғыс айтамын!

Жұлдыз Өтегенова