Салт-дәстүр Орталығы ұлы дала мәдени мұрасының бірегейі, ата-бабамыздан жеткен киелі дүние орамалды сақтау, дамыту, оның тарихын болашаққа аманат ету мақсатында «Ақ орамал» атты этнотанымдық симпозиумын өткізді.
Симпозиумды ашып беру үшін Шымкент қалалық мәдениет тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысының міндетін атқарушы Керімбеков Алмас мырза және Салт-дәстүр орталығының директоры Бахтияр Әбілұлы сөз алды.
Іс-шараға белгілі этнограф, қылқалам шебері, бірнеше этнографиялық кітаптардың авторы Ералы Оспан, Алматы қаласынан этнодизайнер, Юнеско сапа белгісінің иегері, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Тілек Сұлтан, Қазақстан қолөнер шеберлері одағының мүшесі, бізкестеші шебер, зерлеу үйінің негізін қалаушы – Абдубайтова Айжан Тойшыбекқызы, Қазақстан қолөнер шеберлер одағының мүшесі Шермұхаметова Эльмира, Шымкент қаласының қолөнер шебері дизайнер, белгілі тігінші, кимешек насихаттаушысы – Ақмарал Жұмабаева сынды қонақтар қатысты.
Қонақтар ұлттық бас киімнің шығу тарихына шолу жасай отырып, оның түрлерін талдау, қыз баланың бас киіміне байланысты дәстүрлер, әдет-ғұрыптарды саралай отырып, өздерінің қолдарынан шыққан бас киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды.
Сондай-ақ, үш жүздің кимешегін үш әжеге кигізіп, рулық, таңбалық ерекшеліктерін айқындап берді.
Іс-шарада «Қазына» этнофольклорлық би тобы «Қонақжай құрбылар» биін билеп, «Кимешек» әнімен Қаратау ауданының әжелері ән салды.
Шара барысында ҚМДБ бас мүфтиі, кеңесші Бекайдар Әміре орамалға қатысты насихат сөзін жеткізді.
Симпозиум соңын орталық директоры Бахтияр Әбілұлы қорытындылап, келген қонақтарға ризашылығын білдіре отырып, «Алғыс хаттар» мен сый-сияпаттар табыс етті.