Қазақстанда алғаш рет жол қозғалысы қауіпсіздігі стратегиясының жобасы әзірленіп жатыр. Ол алдағы бес жыл ішінде жол-көлік оқиғаларынан (ЖКО) болатын өлім санын кемінде 30%-ға дейін азайтуы тиіс.
Жобаны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасымен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» әзірлеуде. Құжат еліміздегі жол-көлік апаттарының артуына қарсы күресте негізгі құралға айналады деп күтілуде.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәліметтері бойынша, 2024 жылы елімізде 31 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Өкілетті органның хабарлауынша, ЖКО салдарынан 43 мыңнан астам адам жарақат алып, 2 421 адам қаза тапқан.
«Қалыптасқан жағдайдың алдын алу үшін жүйелі тәсілдер мен шұғыл шешімдер қажет. Сондықтан да, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шараларды қамтитын және барлық мемлекеттік органдардың күшін біріктіретін стратегияны әзірлеу қолға алынды», – деп хабарлады «ҚазжолҒЗИ» баспасөз қызметі.
Жобаға сәйкес, жол қозғалысы қауіпсіздігі стратегиясы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әрбір мемлекеттік орган үшін жол қауіпсіздігі саласындағы нақты жұмыс жоспарын, Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, автожолдардың жобалаудан бастап пайдалануға дейінге өмірлік циклында міндетті қауіпсіздік аудиті мен инспекциясын енгізуді қамтиды.
Стратегияны әзірлеу барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айтарлықтай табысқа жеткен Швеция, Чехия, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты елдердің тәжірибесіне ерекше назар аударылуда. Бұл елдердің қолданылатын тәсілдері Қазақстанның ерекшеліктеріне сәйкес бейімделіп қолданылатын болады.
Құжат елімізде адам өмірін сақтауға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған тұтас әрі тұрақты жол қауіпсіздігі жүйесін қалыптастырудың негізіне айналады деп күтілуде.
Анықтама ретінде:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) және ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, жыл сайын әлемде 1,3 миллионнан астам адам жол-көлік оқиғалары салдарынан көз жұмады. Күн сайын шамамен 500 бала жолда қаза табады. ЖКО 5 пен 29 жас аралығындағы адамдар үшін өлім-жітімнің негізгі себебі болып қала беруде. Өкінішке қарай, осы сынды жағымсыз көрсеткіштерден Қазақстан да тыс қалып отырған жоқ.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ баспасөз хатшысы
Адина Айнаева