«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы № 333-VІ Заңын (бұдан әрі — Заң) түсіндіру

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін (Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабы).

Конституциялық нормаларды негізге ала отырып, қолданыстағы Заң бірқатар өзгерістер мен толықтырулардан өтті.

Атап айтқанда, «бейбіт жиналыс», «бейбіт жиналысқа қатысушы», «бейбіт жиналысты ұйымдастыруға және өткізуге арналған мамандандырылған орын», «бейбіт жиналысты ұйымдастырушы», «демонстрация», «жиналыс», «митинг», «өтінішті келісу», «пикеттеу», «хабарлама», «шеру» ұғымдарына нақты анықтамалар берілді, сондай-ақ бейбіт жиналыстың әрбір нысанының ерекшелігі нақтыланды.

Заңда ұйымдастырушының, қатысушылардың және өзге де тұлғалардың құқықтары мен міндеттері регламенттелген, бейбіт жиналыстардың барлық тараптарының құқықтары мен міндеттерінің тізбесі жазылған. Ел өңірлерінде бейбіт жиналыстар өткізу бойынша бірыңғай талаптар енгізілді (заңның бұрынғы редакциясында мұндай нормалар болған жоқ).

Көрсетілген жаңа енгізілімдер жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша регламенттеу мүмкіндігінсіз, заңнаманы жергілікті жерлерде бірыңғай қолдануға ықпал етеді.

Заңға бейбіт жиындардың негізгі қағидаттары енгізілді, олардың ішінде:

1. зорлық-зомбылықтың болмауы сипаты;

2. заңдылық;

3. мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету;

4. қатысу еріктілігі.

Заңда бейбіт жиналыстар өткізу жөніндегі мамандандырылған орындар үшін талаптар белгіленген. Мамандандырылған орындарды белгілеу және оларды пайдалану тәртібін белгілеу кезінде бейбіт жиналыстардың мақсатына қол жеткізу мүмкіндігі, ұйымның ыңғайлылығы, орындардың көліктік қолжетімділігі, инфрақұрылым объектілерін ұйымдастырушылар мен қатысушылардың пайдалану мүмкіндігі, Санитариялық нормалар мен қағидаларды сақтау, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, басқа да адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, заңмен елді мекендердің орталық бөліктерінде орналасқан кемінде үш орын (митинг өткізуге арналған алаңдар) белгіленген.

Сондай-ақ бейбіт жиналыстарды өткізудің аралас тәртібі-хабардар ету және регламенттеу енгізілді.

1. Бейбіт жиналыстарды өткізудің хабарламалық тәртібі пикеттер, митингілер, жиналыстар үшін көзделген. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, 3 жұмыс күні ішінде бейбіт жиналыс өткізу әдепкі бойынша келісілген болып есептеледі.

2. Бейбіт жиналыстың регламенттелген тәртібі (өтініш беру жолымен) демонстрация, шеру нысанында өткізіледі.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуін, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының және өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыс өткізудің балама мамандандырылған орнын ұсынуға құқылы.

Сондай-ақ, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың бейбіт жиналыстарды өткізу мақсатында қатысушылардың жүру уақыты, орны (орындары), бағыты туралы ақпаратты және оларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты өзге де ақпаратты хабарлай отырып, үгіт жүргізуге, ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынбаған символикасын, иллюстрациялық материалдарын пайдалануға, сондай-ақ осы іс-шараға қатысуға үгіттеуге құқығы бар екенін атап өткен жөн.

Заң ұзақ жылдар бойы бейбіт жиындар субъектілері мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынастарда жинақталған мәселелердің үлкен тобын реттеуге мүмкіндік береді.

Заңның ерекшелігі бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту үшін негіздердің белгіленген ерекше тізбесі деп санауға болады.

Мысалы, егер оларды өткізудің мақсаты нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік, діни төзбеушілікті қоздыру, конституциялық құрылысты күштеп құлату болып табылса не оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе; егер бейбіт жиналыс өткізілетін жерде әскери немесе төтенше жағдай, сондай-ақ заңда көзделген өзге де негіздер енгізілсе.

Бұдан басқа, заңда бейбіт жиналыстарды өткізуді материалдық-техникалық қамтамасыз ету рәсімі сипатталған, оны ұйымдастырушы мен қатысушылар өз қаражаты есебінен, сондай-ақ осы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жиналған және (немесе) берілген қаражат пен мүлік есебінен жүзеге асырады.

Сонымен қатар, қаржыландыру көздері бөлігінде белгілі бір шектеулер бар. Мысалы, Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген жеке тұлғалардың және (немесе) заңды тұлғалардың бейбіт жиналыстар өткізуін қаржыландыруына, сондай-ақ заңда көзделген өзге де негіздерге тыйым салынады.

Заңда қабылданған нормалар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға ықпал етеді және елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Шымкент қаласының прокуратурасы