Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 2023 жылдан бастап жеңілдетілген 2,5 пайыздық шағын несие берілуде. Осы бағытта 2024 жылы 273 адамға 1365,0 млн теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Шымкент қаласы әкімдігінің арасында келісімшарт жасалу үстінде.
– «Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру. Осы бағытта қайтарымсыз гранттар берілетіні белгілі. Оларды әлеуметтік осал топтар алады. Гранттар бір рет және нысаналы мақсаттар үшін беріледі. Грант қаражаты тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, үй және жер сатып алуға берілмейді» — деді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Аталған грант 400 АЕК мөлшерінде беріледі. Грантқа үміткерлер – халықтың осал тобына жататын азаматтар. Әдеттегідей, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқығанын растайтын куәлігі болуы міндетті. Алынған куәлік 3 жыл мерзімге жарамды. 2024 жылы грант екі лекте беріледі. Жалпы жоспар –426 адам. Бірінші лек бойынша 2024 жылдың 8-18 сәуір аралығында өтінімдер қабылдану керек болған. Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты өтінімдерді қабылдау кейінге қалдырылды. Қабылдау мерзімі қосымша хабарланады.
Грант алушыға қаражатты нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану бойынша еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мониторинг жүргізіліп отырады. Мақсатсыз жұмсалған жағдайда қаражат толық қайтарылады. Тексеру нәтижесінде 2023 жылы грант алған 452 азаматтың 131-і ақшаны кері қайтарып жатыр, 97 адамның ісі сотқа өткен.131 адамның 97-сінің ісі сотқа берілген. 62 іс сот қарауында жатыр, 5 іске сот шешімі шыққан. Кәсіп аша алмай, өз еріктерімен қаражатты кері қайтарып жатқандары да бар. Олардың саны – 30.
Грант алу үшін нақты кәсіпке құрылған бизнес жоспар болуы керек. Бизнес жоспар – бұл бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Дегенмен, қазір интернет бетінен «грант алуға көмектесеміз», «бизнес жоспар құрып береміз» деген хабарландырулардан көз сүрінеді. Басқарма басшысының айтуынша, қаржысын кері қайтарып жатқандардың көбісі осындай қызмет түрлеріне жүгініп, «дайын асқа тік қасық» болғысы келгендер.
Қайтарымсыз грант отандық өнім көлемін арттыруға септігін тигізуде. Былтырғы грант алғандардың басым көпшілігі тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қолөнер, жиһаз өндірісі кәсіптерімен айналысады.