Шымкент қалалық № 2 ауруханасында алғаш рет бауыр циррозы бар пациентке жаңа әдіспен ота істелінді.
Аталған ауруханада алғаш рет эндоваскулярлық операция – TIPS (трансъюгулярлық бауырішілік портожүйелік стенттеу) жасалды. Бұл ота бауыр циррозы бар науқастарда портальдық гипертензия салдарынан қан кетуді тиімді тоқтатады және портальдық венаның қысымын төмендету арқылы асцитті азайтады. Осылайша, бауыр трансплантациясына дейін уақытша қан кету қаупін азайтып, өмір сүру сапасын арттырады.
Алғашқы отаны дәрігерлер 60 жастағы науқасқа істеді. Пациентте бұған дейін өңештің варикозды веналарының кеңеюінен бірнеше рет қан кетуіне байланысты эндоваскулярлық склеротерапия операциясы жасалынған.
Пациентте 2023 жылдың қазан айынан бастап қан кету қайталанған. Осыған байланысты науқас жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылып, гастроэнтерологтар, гематологтар және эндоваскулярлық хирургтардың қатысуымен консилиум ұйымдастырылды. Нәтижесінде TIPS операциясын жасау туралы шешім қабылданып, ота сәтті өтті.
Қазіргі уақытта дәрігерлер денсаулығы жақсарған науқасты үйіне шығаруды жоспарлап отыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі