Қаламыздың басты көшелерін көріктендіру жұмыстары жалғасуда

Қаламыздың басты көшелерін көріктендіру жұмыстары жалғасуда

Шымкент қаласында қала келбетін жақсартып, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Қазіргі таңда Шымсити шағынауданында жалпы ауданы 70 мың шаршы метрді құрайтын үш негізгі көшеде көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары бастау алды. Бұл бағыттағы жұмыстарды қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты мердігер мекемелер жүзеге асыруда.

Аталған көшелерде жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріліп, жасыл желектер отырғызу, суару жүйелерін орнату және сәндік бұталар мен ағаш көшеттерін егу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, қала эстетикасына үйлесімді сәндік шамдар мен заманауи урбанистік элементтер орнату да жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, көгалдандыру кезінде қала климатына бейімделген ағаштар мен гүл түрлері таңдалған. Бұл – жасыл желектердің ұзақ мерзім бойы сақталуына және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға жайлы, таза әрі көркем орта қалыптастыру. Әрбір көшенің өз ерекшелігі ескеріліп, сәндік безендіру мен табиғи үйлесім қатар қарастырылады», – дейді абаттандыру тобының жетекшісі.

Қазіргі таңда көшелерде жер тегістеу, топырақ дайындау, суару жүйесін тарту және жасыл аймақтар белгілеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық іс-шаралар қала әкімдігінің бекіткен жоспар-кестесіне сай атқарылуда.

Қаратау ауданы аумағында да көктем мен күз мезгілдерінде жасыл желектердің санын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Аудан аумағында биылдың өзінде мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылып, ирригациялық жүйелер жаңартылды.

Тұрғындардың пікірінше, соңғы жылдары қаланың көркейіп, жасыл аймақтардың көбеюі экологиялық ахуалға да оң әсерін тигізіп отыр.

«Бұрын бұл маң бос жатқан. Қазір жаңа гүлзарлар, ағаштар мен демалыс аймақтары пайда болды. Кешке серуендеп жүрудің өзі бір ғанибет», – дейді Шымсити тұрғыны Гүлмира Сейтжанқызы.

Қала билігі алдағы уақытта да көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырып, тұрғындарға қолайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыруды басты назарда ұстайтынын мәлімдеді.