Қала аумағында тазалық шаралары атқарылды

Қала аумағында тазалық шаралары

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпықалалық сенбілігі дәстүрлі түрде жалғасын тауып, кезекті рет қала аумағында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шараға қала халқы белсене атсалысты.

Бұл күні сенбілікке 3100-ден астам қала тұрғыны шығып, өз үлестерін қосты. Жұмысқа 212 бірлік арнайы техника тартылып, жол жиектері, аулалар, саябақтар мен бос жатқан жерлер тазаланды. Нәтижесінде қала аумағынан 182 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Аудандық деңгейде ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарына 2012 қызметкер және 112 техника қатыстырылды. Жиналған қоқыстың жалпы көлемі – 149,9 тонна. Әр аудан бойынша жұмыс көрсеткіштері мынадай болды:

            •         Абай ауданы – 400 қызметкер, 15 техника жұмылдырылып, 42 тонна қоқыс шығарылды;

            •         Әл-Фараби ауданы – 335 қызметкер, 22 техника, 27 тонна қоқыс тазартылды;

            •         Еңбекші ауданы – 411 қызметкер, 33 техника көмегімен 15,7 тонна қоқыс жиналды;

            •         Қаратау ауданы – 440 қызметкер, 25 техника қатысып, 45,9 тонна қоқыс шығарды;

            •         Тұран ауданы – 426 қызметкер, 36 техникамен 18,3 тонна қоқыс тазаланды.

Сенбілік барысында қоқыс жинаумен қатар қосымша жұмыстар да атқарылды. Қала көшелеріндегі қураған ағаштар кесіліп, артық бұтақтар жиналды, шөп шабылып, арық-атыздар тазартылды. Қоршаулар алынып-қойылып, аумақтар күл-қоқыстан арылды. Сонымен бірге ағаш отырғызу, гүлзарларды абаттандыру және жасыл желектерді күтіп-баптау іс-шаралары жүргізілді.Мұндай сенбіліктер тек қала тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, ортақ мүдде жолында бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Қала әкімдігі мұндай жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Тазалық – әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ұмытпай, туған қаламызды таза әрі жайлы ету барлығымыздың міндетіміз.