Қала көркі – оның тазалығынан басталады. Алайда бұл міндет тек көше сыпырушылардың немесе коммуналдық қызмет өкілдерінің ғана жұмысы емес. Әр тұрғын өз ауласының, көшесінің, жалпы қаланың тазалығы үшін жауапты екенін түсінгенде ғана шынайы тәртіп пен көркейген орта қалыптасады. Бұл ұстаным Қаратау ауданында да кеңінен насихатталып, күнделікті өмірде жүзеге асырылып келеді.
Қаратау ауданы – Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан жаңа аудандарының бірі. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлер, сауда орталықтары мен қоғамдық орындар көп. Осы аумақтарда тазалықты сақтау – тек бір мекеменің қолынан келетін іс емес. Тұрғындардың саналы әрекеті мен мәдениеті тазалық пен тәртіптің басты көрсеткіші болмақ. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар қоқысты арнайы жәшіктерге тастамау, аулаларға қалдық лақтыру, тіпті демалыс орындарында тазалықты сақтамау секілді әрекеттерге жол беріп жатады.
Қаратау аудандық әкімдігі бұл бағытта түрлі бастамалар көтеріп келеді. Аула тазалығына қатысты сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Таза аудан – өз қолымызда» сынды ұрандармен ерікті топтар мен жастар ұйымдары белсенділік танытып, қала тазалығын насихаттап жүр. Бұл – жақсы үрдіс. Себебі бала күнінен тазалықты көріп өскен ұрпақ ертең өз ортасын таза ұстауға дағдыланады.
Коммуналдық қызмет өкілдері күн сайын Қаратау ауданының аумағында көшелерді сыпырып, қоқыс жәшіктерін тазартып, аулалар мен саябақтарды ретке келтіреді. Бірақ олардың еңбегі тұрғындардың қолдауынсыз ұзаққа бармайды. Бір адамның тастаған қағазын екіншісі көтермесе, тіпті ең үздік техника мен жүйе де нәтиже бере алмайды.
Сондықтан Қаратау тұрғындарына үндеу: өз аулаларыңызды, көшелеріңізді, аялдамалар мен қоғамдық орындарды таза ұстауға атсалысыңыз. Бұл – өзіміз өмір сүріп жатқан ортаны құрметтеудің, болашақ ұрпаққа үлгі болудың белгісі.