Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік, спорттық және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Алдымен қала басшысы «Түлкілі сайда» бой көтеріп жатқан мемориалдық ғибадатхана құрылысына барды. Нысанның маңыздылығына тоқталған әкім құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар Назарбаев даңғылынан Бәйдібек би даңғылына шығатын оң жақ бұрылысты ұйымдастыру жобасымен танысты. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда жолдың өткізу қабілеті артып, көлік қозғалысының жүктемесі айтарлықтай азаяды. Ғабит Сыздықбеков жауапты басқармаларға құрылыс жұмыстарын қауіпсіздік талаптарына сай жүргізуді міндеттеді.
Одан кейін әкім Тұран ауданындағы №15 кешенді олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мұнда бүгінде 10 олимпиадалық спорт түрі бойынша 980 жас спортшы жаттығады. Бұл мекеме ұлттық және бұқаралық спортты дамыту ісінде маңызды рөл атқарып келеді. Қала басшысы спорт инфрақұрылымын кеңейту мақсатында мектеп аумағында қосымша жаттығу алаңы мен воркаут аймағын салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Оның айтуынша, жоба жүзеге асқан жағдайда спортшыларға қолайлы жағдай жасалып, спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің қатары артады.
Әрі қарай әкім Еңбекші ауданында реновация бағдарламасы аясында Безделев көшесінде салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексерді. Ғабит Сыздықбеков мердігер ұйымға жұмысты жеделдетіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ қала әкімі «Текесу» шағынауданындағы жол жөндеу және «Азат» тұрғын алабындағы көшелерді абаттандыру жұмыстарын бақылап шықты. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына атқарылған жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, қала аумағында жүргізіліп жатқан мұндай кешенді жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, көлік инфрақұрылымын жақсартуға және жастар арасында спортты дамытуға бағытталған.
