Шымкентте шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпаздары анықталды деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
8-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің зияткерлік сайысына кіл үздіктер қатысты. Шахмат ойындары бойынша жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жауапкершілікпен жүзеге асырылды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов үздік шыққан жас шахматшыларды арнайы қабылдап, қаржылай жүлдемен марапаттады. — Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қаламызда жасөспірімдер арасында республикалық деңгейдегі шахмат турнирі бірінші рет өткізілді. Осы онкүндікте балалар мол тәжірбие жинап, жаңа орта қалыптастырды деп ойлаймын. Шымкент қаласында шахматтың қарқынды дамуына барлық мүмкіндіктер бар. Қала мектептерінде шахмат арнайы пән ретінде енгізілді. Оқушылар арасында шахмат турнирі үшінші мәрте өткізіліп отыр. Сіздердің талаптарыңыздың арқасында көптеген жастарымыз жігерленеді. Алдағы уақытта әлем біріншіліктерінде үздік болатындарыңызға сенемін, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы құттықтау сөзінде. Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ануар Исмағамбетов күрделі кезеңде аса жоғары жауапкершілікпен ел біріншілігінің өтуіне қолдау көрсеткені үшін қала әкіміне алғысын білдірді. Бұл турнирде жасөспірімдер арасында үздік ойыншылар қатысқандығын, Шымкент қаласында көптеген талантты жастар өсіп жатқандығын айта отырып, қаланың Қазақстанның шахмат астанасы атануы көптен күткен мәселе екендігін жеткізді. Кездесу барысында алдағы уақытта қалада шахмат клубтарының желісін қалыптастыру, осы ойын түрінен түрлі деңгейдегі сайыстар өткізу жоспарланып отырғандығы айтылды. Айта кетсек, чемпионатта Шымкент қаласынан Зейнеп Сұлтанбек (18 жасқа дейінгі қыздар арасында), Аяулым Қалдарова (14 жасқа дейінгі қыздар арасында) I орынды жеңіп алды. Іріктеу сынынан сүрінбей өткен жасөспірімдер енді еліміздің намысын әлем және Азия чемпионатында қорғайтын болады.