Түркістанда шахматтан «Ойлы болсаң, озып көр»  атты жарыс басталды

Түркістанда шахматтан “Intellectualdy ult” жалпыұлттық жобасының аясында “Ойлы болсаң, озып көр!” жарысы басталды. Шараның ашылу салтанатында “Шахмат әліппесі” кітабының тұсауы кесілді. Жарысқа Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

  • Шахмат ойыны – адамның ақыл-ой ұшқырлығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға, тапқырлық пен жылдам шешім қабылдауға ынталандыратын спорт түрі. Қазіргі қоғам интеллектісі жоғары, терең ойлы азаматтарды қажет етеді. Елімізде сіздер сияқты ой-өрісі мықты дамыған жастардың көп болғаны маңызды. Сіздердің араларыңыздан еліміздің Туын халықаралық ареналарда көкке желбірететін мықты шахматшылар шығатынына сенім білдіремін, — деді Ерлан Күзембаев.

Түркістан оқушылар сарайында өтіп жатқан шахмат додасында 73 қатысушы бақ сынайды. Бұл жарыс ардагерлер, ересектер және жасөспірімдер болып, үш түрлі жас санат бойынша өтуде. Сайыстың тағы бір ерекшелігі — швейцариялық жүйе үлгісінде өтуде.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі