Қамқор бағдарламасы жаңа мүмкіндіктер ұсынады

Қамқор

Шымкент қаласында тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан Қамқор өңірлік бағдарламасы аясында маңызды қаржылық қолдау шаралары қабылданды. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен 5 миллиард теңге және «Отбасы банк» АҚ-нан 3 миллиард теңге бөлініп, жалпы 8 миллиард теңге көлеміндегі қаражат тұрғын үй несиелендіру мен қолдау шараларына бағытталған.

Қамқор бағдарламасының негізгі шарттары:

• Несиенің ең жоғары мөлшерлемесі – 20 миллион теңгеге дейін;

• Пайыздық мөлшерлеме – 6%;

• Бастапқы жарна – 10%-дан кем емес;

• Несиенің максималды мерзімі – 25 жыл.

Тұрғын үй тек бастапқы нарықтан ғана алуға мүмкіндік беріледі.

Бағдарламаға журналистер мен БАҚ қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, коммуналдық сала мамандары, және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері қатыса алады.

2024 жылы бағдарламаның аясында 400-ден кем емес отбасы тұрғын үй несиелерімен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, 200 млн. теңгеге қайтарымсыз тұрғын үй сертификаттары берілуде. Ағымдағы жылдың 22 қаңтарынан бастап құжаттар қабылдануда және 218 азаматқа 199,9 млн. теңге көлемінде сертификаттар берілді. Екінші жартыжылдықта тағы 300 млн. теңге бөлініп, қосымша сертификаттар беріледі.

Бүгінгі таңда 60 азаматқа қайтарымсыз сертификаттар табысталды. Қамқор бағдарламасы арқылы тұрғын үй алу мүмкіндіктері мен қолдау шаралары қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған және олардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға үлкен септігін тигізеді.