Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті дамыту, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамаға Қаратау ауданының ұжымы мен тұрғындары белсенді түрде атсалысып, өз үлестерін қосуда.
Акция аясында Қаратау ауданында кең көлемді жалпы сенбілік ұйымдастырылып, аумақтың тазалығы басты назарға алынды. Жұмыстардың тиімді әрі жүйелі жүруі үшін аудан аумағы 5 секторға бөлініп, әр секторға арнайы кураторлар бекітілді. Олар сенбіліктің дұрыс ұйымдастырылуына, тұрғындардың қатысуына және белгіленген аумақтың сапалы тазалануына жауапты болып отыр.
Жалпы тазалық жұмыстарына қаладағы бірқатар мекемелер мен ұйымдар белсене ат салысуда. Атап айтқанда, сенбілікке Кәсіпкерлік басқармасы, Қалалық жер қатынастары басқармасы, Сәулет және қала құрылысы басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, Қаржы басқармасы, сондай-ақ «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері қатысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы орындалуына үлес қосуда.
Сенбілікке мекеме қызметкерлерімен қатар, ерікті жастар, мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындар да белсенді түрде қатысып, қоршаған ортаны тазартуға өз күштерін жұмылдырды. Қоқыстар жиналып, ағаштар мен көшелердің айналасы тазартылды, арықтар аршылып, жасыл аймақтар ретке келтірілді. Мұндай шаралар аудан аумағының санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың ортақ іске жұмыла қатысуына мүмкіндік берді.
Жалпы сенбілік – Қаратау ауданының көркін арттырып қана қоймай, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады. «Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала тазалығын сақтауға үлкен үлес қоспақ.