Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев аудан аумағында көшпелі бақылау жұмыстарын жүргізді. Аудан басшысы “Қайтпас” шағын ауданының көшелерін жаяу аралап, тұрғындармен кездесіп, олардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан кешкі көше жарығын уақытылы қосу, аудан тазалығы және қоғамдық көлік қозғалысының ыңғайлылығы секілді мәселелер көтерілді. Әкім бұл ұсыныстардың барлығын назарға алып, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, өткен аптада азаматтарды қабылдау кезінде көтерілген бірқатар өтініштер бойынша аудан әкімі тұрғындардың мекенжайына барып, жаңбыр суы жиілеп жиналатын аумақтарға қосымша су сорғыш (насос) орнату және ирригациялық жүйелерді тазалау жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
Түнгі жарықтандыру жүйесін тексеру барысында анықталған кемшіліктер де бақылауға алынды. Әкім тиісті мекемелерге ақаулы шамдарды ауыстыру және жарық шамдарын қосу уақытын реттеу бойынша тапсырма берді.
– «Тұрғындардың көтерген әрбір мәселесі назардан тыс қалмайды. Біздің мақсат – халықпен тығыз байланыс орнатып, нақты нәтиже көру. Әрбір шағын ауданның тазалығы, жарығы және қауіпсіздігі — әкімдік жұмысының басты басымдығы», – деді Алмас Абаев.
Көшпелі бақылау барысында аудан аумағындағы санитарлық тазалық, жол жиектерінің күтімі және коммуналдық қызметтердің атқарылып жатқан жұмыстары да тексерілді.
Көшпелі бақылау жұмыстары барысында ауданның көріктендіру бағытындағы бірқатар жаңа ұсыныстар да қаралды. Тұрғындар балалар ойын алаңдарын жөндеу мен көгалдандыру аумақтарын кеңейту қажеттігін айтты. Әкім бұл бағыттағы жобаларды келер жылғы абаттандыру жоспарына енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, аудан аумағында тазалық мәдениетін арттыру мақсатында тұрғындармен бірлескен сенбіліктер ұйымдастыру көзделіп отыр.
Аудан әкімдігі тұрғындармен тікелей диалог орнатып, мәселелерді дер кезінде шешу арқылы Қаратау ауданын жайлы және қауіпсіз аймаққа айналдыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.
