Қаратау ауданында санитарлық тазалық жұмыстары 5 секторға бөлініп жүргізілді

5 секторға бөлініп

Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті дамыту, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамаға Қаратау ауданының ұжымы мен тұрғындары белсенді түрде атсалысуда.

Акция аясында Қаратау ауданында кең көлемді жалпы сенбілік ұйымдастырылып, аумақ тазалығы басты назарға алынды. Жұмыстар тиімді әрі жүйелі жүру үшін аудан аумағы 5 секторға бөлінді. Әр секторға арнайы кураторлар бекітіліп, олар сенбіліктің дұрыс ұйымдастырылуына, тұрғындардың қатысуына және белгіленген аумақтың сапалы тазалануына жауапты болып отыр.

Сенбілікке мекеме қызметкерлерімен қатар, ерікті жастар, мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындар да қатысты. Қоқыстар жиналып, ағаштар мен көшелердің айналасы тазартылды, арықтар аршылып, жасыл аймақтар ретке келтірілді. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен ирригациялық желілер де ретке келтіріліп, санитарлық жағдай жақсартылды. Мұндай шаралар аудан аумағының көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың ортақ іске жұмыла қатысуына мүмкіндік берді.

Жалпы сенбілік – Қаратау ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тұрғындарды табиғатты аялауға шақыруға бағытталған маңызды бастама. Қала тазалығы тек мемлекеттік құрылымдардың емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуде және экологиялық жауапкершілікті арттыруда ерекше рөл атқарып отыр.

Алдағы уақытта да мұндай шаралар тұрақты жалғасын тауып, Қаратау ауданының көркейіп, Шымкент қаласының тазалығын сақтауға үлкен үлес қосатын болады. Таза қала – жайлы өмір кепілі.