Қаратау ауданының «Таскен» шағын ауданында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Шара барысында көше бойларындағы қоқыс жиналып, құрылыс қалдықтары арнайы техника арқылы шығарылды. Сонымен қатар, шөптер орылып, тұрғындар жиі жүретін көшелер жуылып, ретке келтірілді. Тазалық жұмыстарына мекеме қызметкерлерімен қатар ерікті тұрғындар да белсене қатысып, ортақ іске үлес қосты.
Айта кетейік, мұндай санитарлық-тазалық жұмыстары тамыз айынан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін «Нұрсәт», «Туран-1», «Туран-2», «Нұртас», «Тассай» шағын аудандарында да кең көлемді сенбіліктер ұйымдастырылған болатын. Әрбір сенбілікте аудан аумағынан бірнеше тоннаға жуық қоқыс шығарылып, жасыл аймақтарға күтім жасалды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде көшелер мен аулалардың тазалығы жақсарып қана қоймай, қала тұрғындарының экологиялық мәдениеті де арта түсуде.
Мамандардың айтуынша, аталған жұмыстардың басты мақсаты – қала тұрғындары үшін таза әрі жайлы ортаны қалыптастыру. Қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту тұрғындардың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізіп қана қоймай, қаланың жалпы келбетін де айшықтайды. Тазалық пен тәртіп бар жерде тұрғындар арасында жауапкершілік сезімі нығайып, ортақ іске жұмылу үрдісі күшейе түседі.
Қаратау ауданы әкімдігі мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Әкімдік өкілдері әрбір тұрғынды тазалықты сақтауға және туған жердің көркін бірге көркейтуге шақырды. «Қала – баршамыздың ортақ үйіміз. Оны таза ұстау – әр азаматтың парызы» деген ұстаным аясында санитарлық-тазалық шаралары тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Осындай игі бастамалар қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттырып, қала тұрғындарының ортақ мүдде жолында бірігуіне жол ашады. Сенбілік шаралары тек тазалық жұмыстары ғана емес, сонымен қатар елдімекен тұрғындарының ауызбіршілігін нығайтып, туған жерге деген сүйіспеншілігін айқындай түседі.