Шымкент қаласы Қаратау ауданының инженерлік инфрақұрылымдық және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағында заманауи инженерлік желілер тартылып, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға ғана емес, қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде.
Сонымен қатар, мемлекет ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы ауданда біртіндеп жүзеге асырылуда. Бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды басқару мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру.
Экожүйені дамыту мен табиғатты қорғау ісінде Қаратау ауданында бірқатар ауқымды шаралар қолға алынған. Жыл басынан бері мыңдаған жас ағаш көшеттері отырғызылып, жаңа жасыл аймақтар пайда болды. «Нұрсәт» және «Тұран» шағынаудандарында саябақтар мен демалыс орындары абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен бірге көшелерді көгалдандыру, гүлзарлар ұйымдастыру, көше бойындағы тазалықты сақтау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Аудан әкімдігі мен жауапты басқармалар тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беруде. Мектептерде экологиялық сабақтар өткізіліп, оқушыларды табиғатты аялауға тәрбиелеу қолға алынған. Қоғамдық орындарда түсіндірме акциялары ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экологиялық сананы нығайтуға бағытталған материалдар жариялануда.
Экологиялық бастамаларға қала тұрғындарының өздері де белсенді атсалысуда. Сенбіліктерге жастар, еріктілер мен көпқабатты үйлердің тұрғындары қатысып, ауданның тазалығы мен көркін арттыруға үлес қосуда. Осындай ортақ жауапкершілік нәтижесінде Қаратау ауданы күннен-күнге көркейіп, экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашылуда.