Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев тұрғындармен кері байланыс орнату және ауданның санитарлық жағдайын бақылау мақсатында кезекті рет көшелерді жаяу аралады. Мұндай аралау жұмыстары – аумақтың нақты ахуалын өз көзімен көріп, тұрғындардың пікірін тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл.
Серуен барысында әкім аудан аумағындағы көшелердің тазалығына, жаяу жүргіншілер жолдарының жағдайына, жарық шамдары мен абаттандыру нысандарына назар аударды. Сонымен қатар, кейбір аулалар мен қоғамдық аймақтардағы кемшіліктер мен жөндеуді қажет ететін тұстарды да қарады.
«Қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Әрбір көше, әрбір аула таза әрі қауіпсіз болуы керек. Сол себепті, мұндай тексерулер тұрақты түрде жүргізіледі», – деді аудан әкімі Алмас Абаев.
Аралау барысында бірқатар көшелер мен тұрғын үй аумақтарында санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Кейбір тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға емес, көшенің жанына шығарып тастаған. Мұндай жағдайлардың бірі тіркеліп, құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.
«Қоқысты бейберекет төгу – қала мәдениетіне нұқсан келтіреді. Бұл – тек экологиялық емес, құқықтық мәселе де. Сондықтан әркім өз ауласын таза ұстап, ортақ тәртіпті сақтауы тиіс», – деді әкім.
Сонымен қатар, Алмас Абаев өз аулаларын таза, ретке келтіріп ұстаған тұрғындармен де тілдесті. Олармен жылы әңгіме өрбітіп, еңбегі үшін алғыс айтты.
«Міне, осындай белсенді тұрғындар – біздің ауданның мақтанышы. Тазалық – бәрімізге ортақ іс. Ауламызды таза ұстау арқылы біз балаларымызға өнеге көрсетеміз», – деді аудан басшысы.
Қаратау ауданында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Коммуналдық мекемелер мен әкімдік қызметкерлері бірлесе отырып, тұрғындарға экологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңсыз қоқыс төгу фактілерінің алдын алуға күш салуда.
Аудан әкімі тазалық сақтау мен абаттандыру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті. «Басты мақсат – айыппұл салу емес, әр азаматтың бойында тазалыққа деген жауапкершілік пен сана қалыптастыру», – деді ол.
Жаяу аралау қорытындысында коммуналдық сала мамандарына тиісті тапсырмалар беріліп, тұрғындармен өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайту қажеттігі айтылды.