АӘК алушылар жұмыс орны туралы жалған анықтамалар тапсырған

Қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен өңірдің комплаенс-офицерлерінің коучингі ұйымдастырылды.

Іс-шараға еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің жетекші практиктері, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазпошта» АҚ Комплаенс қызметтерінің басшылары Дәурен Ақшалов, Дәурен Тулин, Тлек Исаков және «Қазатомөнеркәсіп» АҚ комплаенс қызметінің бас менеджері Малика Ерубаева, сондай-ақ әкім аппараты басшысының орынбасары Бағлан Асанбаев, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қалалық филиалының басшысы Әділет Нысанбаев пен 200-ден астам жергілікті атқарушы органдар ұйымдарының комплаенс-офицерлері қатысты. Іс-шараның модераторы – Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Алексей Колосков болды.

Кездесу барысында спикерлер квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жұмысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізудің негізгі тәжірибелерін жеткізді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою жөніндегі жұмыстың ішкі процестері, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралар түсіндірілді.

Іс-шарада қатысушыларға халықты жұмыспен қамту орталығының комплаенс-офицері жұмысының нәтижелері таныстырылды. Сабыржан Қарабайұлы атаулы әлеуметтік көмек беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жүргізілген жұмыстар туралы хабарлады.

«АӘК есептеу үшін негіз отбасының ай сайынғы табысы туралы мәліметтер болып табылады. Көбінесе, мемлекеттен ең жоғары төлемдерді алу үшін азаматтар жұмыс орнынан төмен кірістер көрсетілген жалған анықтамалар ұсынады. Осы анықтамаларды көрсетілетін қызметті алушылар 10 мыңнан 60 мың теңгеге дейін сатып алған» деп атап өтті С.Қарабайұлы.

Сондай-ақ, Мемлекеттік басқару академиясының қалалық филиалының директоры А. Нысанбаев квазимемлекеттік секторға сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстерді оқыту және ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін ISO 37001 халықаралық стандартын енгізу жөніндегі нәтижелер мен жоспарлар туралы хабарлады.

Әкім аппараты басшысының орынбасары Б. Асанбаев қала әкімдігі жобалық басқаруға толығымен бағытталғанын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үлгілік базалық бағытты енгізу толығымен автоматтандырылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз бетінше анықтау, жою және алдын алу жөніндегі жобалық міндеттер жауапты қызметкерлерге бекітіліп, олар үнемі бақылауда.

Іс-шара соңында қатысушылардың сұрақтары мен ұсыныстарына түсіндірме беріліп, сондай-ақ ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді қызмет үшін үлгілік міндеттер қалыптастырылды.