Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев кезекті жұмыс сапарын Нұртас шағынауданынан бастады. Аудан басшысы аталған аумақтағы абаттандыру, санитарлық тазалық және инфрақұрылымдық жағдайды бақылап, тұрғындармен кездесіп, бірқатар мәселелердің шешімін қарастырды.
Аралау барысында арық бойын заңсыз қоршап алған тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңсыз жерді иелену фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл – жер заңнамасын сақтау қажеттілігін айқындайтын нақты шара болды.
Көксәйек көшесінде тұрғын үй ауласында автокөліктің майын ауыстырумен айналысқан азамат анықталды. Ол шыққан қалдықтарды – кондиционер сүзгілері мен май толы ыдыстарды көшеге тастаған. Аталған құқықбұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, заңға сәйкес шара қолданылды.
Сондай-ақ, Берілі көшесінде көлік бөлшектерін сатумен айналысатын азаматтың ауласында қалдық жинап қойғаны белгілі болды. Бұл жағдай да назардан тыс қалмай, тиісті құжаттар рәсімделіп, заң талаптарына сәйкес әкімшілік шара көрілді.
Әкімнің кезекті сапары барысында Әлем көшесінің тұрғындарымен арнайы кездесу өтіп, инфрақұрылымдық мәселелер талқыланды. Тұрғындар ауыз су, электр желісі мен көшелердің жарықтандырылуы секілді өзекті сұрақтарын көтеріп, әкім тарапынан жауаптар алды.
Ары қарай Гүлдала және Байтақ көшелерін аралау кезінде кәсіпкерлік нысандарының аумақтары, санитарлық тазалық жағдайы және қоқыстың уақытылы шығарылуы қатаң бақылауға алынды. Кәсіп иелеріне аумақтарын тәртіпте ұстау бойынша ескерту жасалды.
Аудан әкімінің айтуынша, мұндай аралаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. «Біздің басты мақсатымыз – заңдылықты сақтау, тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау», – деді Алмас Абаев.
Бұл жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігі болып табылады.