Қаратау ауданы аумағындағы кезекті аралау жұмыстары

Қаратау ауданы аумағындағы кезекті аралау

Кеше Қаратау ауданында ашық жатқан, бүлінген немесе асфальт қабатының астында қалып қойған құдықшалардың (колодец) жай-күйіне қатысты арнайы жиын өткен болатын. Жиыннан кейін әріптестерімізбен бірге аудан аумағын аралап, бірқатар нысандардың жағдайына көз жеткіздік.

Аралау барысында инфрақұрылымның жай-күйі, кәсіпкерлік нысандарының санитарлық талаптарды сақтау деңгейі және тазалық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жедел түрде ретке келтіруді қажет ететін тұстар бойынша нақты шаралар қабылданып, жауапты мекемелерге тапсырмалар жүктелді.

Атап айтқанда, Бабашұлы, Кенжарық, Ақсүмбе, Хан Тәңірі көшелері мен “Тұран” шағынауданы араланды. Тұрғындармен тікелей тілдесу барысында олардың ұсыныстары тыңдалып, аумақты таза ұстау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, кәсіпкерлік нысандарының иелеріне өз аумақтарын күтіп-ұстау, айналаны абаттандыру қажеттігі ескертілді.

Қоғамдық орындарда тұрмыстық қалдықтарды бейберекет тастаған азаматтарға полиция қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кейбір жағдайларда заң аясында шара қолданды. Бұл әрекет тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Қаратау ауданы әкімдігі тарапынан мұндай аралаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Негізгі мақсат – инфрақұрылым сапасын арттырып қана қоймай, аудан аумағында санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіпті нығайту. Тек әкімдік пен коммуналдық қызметтердің жұмысы ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі де ауданның келбетін жақсартуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Тұрғындар мұндай тексерулердің жиі ұйымдастырылуы ауданның тазалығы мен тәртібіне оң әсерін тигізетінін атап өтті. Жергілікті халық өз тарапынан да тәртіпке атсалысуға дайын екенін жеткізді.