Қаратау ауданында экологиялық жағдайды жақсарту және көше бойындағы рұқсатсыз төгілген құм, тас және құрылыс қалдықтарын болдырмау мақсатында кезекті рейдтік іс-шара өткізілді. Бұл бастама аудан әкімдігінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып отыр.
Рейд барысында аудан әкімдігі қызметкерлері, табиғатты қорғау полициясы және тазалық мекемесінің өкілдері бірлесіп, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандар мен бос жатқан жер телімдерін аралап шықты. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылды. Қаратау ауданына қарасты Нұртас шағын ауданы Ақсауыт-Байтереков көшелерінің қиылысында ұйымдастырылған кезекті рейдке аудан әкімдігінің мамандары, полиция қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тазалық сақтау тұрғысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарынан шыққан құм, тас және құрылыс қалдықтарын арнайы рұқсат етілмеген жерге тастау жиілеп кеткен. Бұл өз кезегінде экологияға кері әсер етіп, тұрғындардың наразылығын тудыруда.
Қаратау ауданы әкімдігінің қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Әлібек Қалдыбек кейбір тұрғындардың құрылыс заттары есігінің алдынан асып, көшеге дейін шашылып жататынын, ескерту берілсе де, түзеуге әрекет жасағысы келмейтінін айтады. «Сол арқылы көршілері мен жүргіншілерге кедергі келтіріп жатады», — дейді ол. Ең алдымен тазалықты сақтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында жеке тұрғын үйлердің көше бойына, қоғамдық орындарға құрылыс қалдықтары және әртүрлі артық заттарды шығаруды алдын алу, жалпы қалдық заттарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, хаттамалар толтырылды.Мұндай рейдтік іс-шаралар және санитарлық-тазалық жұмыстары аудан көлемінде тұрақты ұйымдастырылып отырады.
Әкімдік өкілдері тұрғындарды да санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Қоқысты белгіленбеген орынға тастаған азаматтарға қатысты Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Қаратау ауданында жүргізілген бұл рейд — тазалық пен тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Алдағы уақытта мұндай шаралар тұрақты түрде жүргізіліп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады.