Шымкентте 2022 жылдың 17-қазаннан бастап «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған болатын. Аталмыш шара Шымкент қаласы Полиция департаментінің нұсқауына сәйкес ұйымдастырылды. Мақсат- қала көлемінде атыс қаруымен, оның ішінде тіркелмеген атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу, заңсыз айналымдағы қаруларды анықтап, тәркілеу. Азаматтардың заңсыз сақтаудағы қаруды және оқ-дәрілерді тәркілеу және олардың сатып алу көздерін, оны заңсыз жеткізу арналарын анықтау. Сонымен қатар, заңсыз қаруды сақтау, алып жүрумен айналысатын тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, отты атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын-алу, ескерту және оларды ашу жедел жағдайды тұрақтандыру да басты назарда.
Шара барысында учаскелік полиция инспекторларымен қала аумағында тіркелген қару иелерін мекенжайы бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі. «Қару» жедел-профилактикалық іс шарасы 26-қазанға дейін жалғасатын болады.
Айта кетейік, 2022 жылдың 25-қыркүйегінде, таңғы сағат 7:00-де Еңбекші АПБ-ның «102» арнасына Түркістан облысындағы ауруханалардың біріне 23 жастағы ер азаматтың атыс қаруынан жарақат алып жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен болатын. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі бойынша тіркеуге алынды.
Полиция қызметкерлері аталған хабарламаны алған бойда, күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті.Нәтижесінде, Шымкент қаласының 23 жастағы тұрғыны анықталып, қала аумағында қолға түсті.
Тергеу барысында белгілі болғандай, қыркүйектің 24-нен 25-не қараған түні күдікті қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің алдында екеуара ерегістің соңында анықталмаған қарудан қарсыласына оқ атқан. Салдарынан жәбірленуші асқазан аумағынан жарақат алып, ауруханаға түскен. Жауап алу кезінде күдікті қаруды қайда жасырғандығын көрсетіп, аталған мекенжайдан айғақты зат ретінде 1 дана «Макаров» тапаншасы мен 3 дана оқ тәркіленіп алынды. Алынған заттай дәлелдемелерге тиісті сараптамалар тағайындалды.
Ұсталған азаматтың осыған дейін де ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) және 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша екі рет сотты болғандығы анықталды.Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда.
Ntime.kz