Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі полиция қызметін цифрландыру бағытында қарқынды қызмет атқарып келеді.
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне құқық қорғау саласын жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдап, Жаңа Қазақстанға лайықты полиция құру міндетін жүктегені белгілі.
Бүгінге дейін құқық қорғау саласында көптеген реформалар жасалып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен, Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Жолдауында полицияның жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар халықтың сұранысына, қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған полиция құруды көздейді. Осыған орай саланы бюрократиядан арылту, цифрландыру және оңтайландыру бағыттарына басымдық беріле бастады.
Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық Полиция департаментінің жұмысымен танысты. Кездесуде үшінші мегаполисті қауіпсіз қалаға айналдыру шараларын пысықтады.
Қала басшысы халықтың жайлы орта, қауіпсіз қалада өмір сүруін қамтамасыз ету ортақ іс екенін айта келе, Жедел басқару орталығының жұмысын жандандыру керектігін жеткізді. Яғни, қаладағы барлық әлеуметтік маңызы бар нысандағы бейнекамераларды Жедел басқару орталығына қосуды ұсынды.
Департамент бастығы Думан Таевтың айтуынша, «Қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру аясында 479 «Pelco» бейнебақылау камерасы, 21 көше қиылысында 212 «Интегра» бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Ал «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 150 мемлекеттік мектепте 2 618, жекеменшік 36 мектепте 700 бейнебақылау камерасы орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына біріктірілген.
Қалада соңғы үш жылда 3 868 бейнекамера орнатылды. Оның 1 500-і қоғамдық, 2 368-і жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылған.
Айта кетейік, алдағы уақытта қала аумағы тағы 1500 бейнекамерамен толықтырылады.