Шымкенттің  жаңа бас полицейі аудандық полиция басқармаларын аралап, ескерту жасады

Шымкент ҚПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Думан Таев Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына барып, тәртіп сақшыларының жұмыс барысымен танысты.

       Әуелі, аудандық бөліністің ғимаратында орналасқан  Көші-қон қызметі , Жедел криминалистика, Ақпарат және байланыс басқармасы, ӘПБ-ның  қару айналымын бақылау бөліміндерін аралап, әр қызметтік бөлмені жіті тексерді.

     Оның ішінде, ғимарттың тазалығы, құрал-жабдықтардың  ұқыптылығы, полицейлердің сырт келбеті мен нысанды киім үлгісіне дейін ерекше назар аударды.

    Сондай-ақ, жеке құрамды мәжіліс залына жинап, ұжымның ішкі ахуалы мен жұмыс нәтижесі туралы сөз қозғады. Қызметкерлерге полицияның сервистік моделін жақсартуды оның ішінде, халықпен ашық әрі тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауда аса мұқият болуды тапсырды.

     «Полиция қызметкерлері арасында заңдылықты сақтау мен тәртіпті нығайту мәселесі департамент басшылығының қатаң бақылауында. Әріптестеріміздің арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен “Integrity Check” пилоттық жобасы қолданысқа енгізілген болатын. Аталған жоба тәртіп сақшыларын парасаттылыққа тексеретінін естеріңізге сала кетейін. Сәйкесінше, өздеріңізден антқа берік, қызметке адал болуды талап етемін. Ар-намысты бәрінен биік қойып, иықтарыңыздағы погонға сай, абыроймен еңбек етіңіздер», — деді полиция генерал-майоры Думан Әшкенұлы.

      Алдағы уақытта, мегаполистің бас полицейі  Абай, Еңбекші, Тұран және Қаратау аудандық полиция басқармаларының қызметкерлерімен кездесуді  жоспарлауда.