Бүгінде елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударғысы келетін ерікті жандарға айрықша қолдау көрсетілуде. Тіпті, қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберуді жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.
Азамттардың солтүстік өңірлерге көшу үшін 70 АЕК көлемінде материалдық көмек қаралған. Бұл отбасы құрамының әрбір мүшесіне 258 440 теңгені құрайды. Көшіп барғаннан кейін коммуналдық төлемдер мен баспана сатып алғанға дейінгі жалдамалы пәтердің құны мемлекеттен өтеледі.
Жалдамалы пәтердің құны бір адам үшін 20 АЕК, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 25 АЕК, ал бесеуден жоғары – 30 АЕК мөлшерінде төленеді. Ауылдық жерде отбасы мүшелерінің санына қарай 15-21 АЕК аралығында қаржы қаралған.
Ал, егер солтүстік өңіріне барғаныңызда бір үй көңіліңізден шығып, бірақ қолыңызда қаражат болмаса, 12 ай бойы үйді жалдауға берілетін ақшаның бір жылдық жиынтығын бірден алып, баспана сатып ала аласыз. Солтүстік өңірлерде баспана бағасы төмен екенін де ескерген жөн.
Ерікті қоныс аударушыларды баспанамен қамту мақсатында «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» да бекітілген. Яғни, қоныс аударушы мемлекет тарапынан берілген үйді қабылдаудан бас тартса, осы сертификатты қолдана алады. Сертификаттың құны 4 282 720 теңгені құрайды. Бұл ипотекалық баспананы сатып алу кезінде алғашқы жарнаның бір бөлігін жабуға арналған материалды көмек.
Айта кетсек, еліміздегі Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай және Ақмола облыстары ерікті түрде қоныс аударушыларды қабылдаушы өңір ретінде бекітілген.
Шымкентте қоныс аударуға қатысты ақпаратты тұрғылықты мекен жай бойынша әр ауданның мансаптық орталықтарынан алуға болады.
Еңбекші мен Қаратау ауданы бойынша мансаптық орталығы – Бәйтереков №89;
Абай ауданы бойынша мансаптық орталығы – Арғынбеков 243/3;
Әл-Фараби ауданы бойынша мансаптық орталығы – А.Байтурсынов, 201 үй
Тұран ауданы бойынша мансаптық орталығы – Қазыбек би көшесі 50 үй