Қошқар ата өзенін абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде

Қошқар ата өзенін абаттандыру жұмысы

Шымкент қаласының әкімшілігінің бастамасымен мегаполистің маңызды экологиялық жобаларының бірі – Қошқар ата өзенін абаттандыру жұмысы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және заманауи, жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Жоба аясында ұзындығы 3,535 шақырымдық өзен арнасы қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, өзен жағалауы бекітіліп, ағындағы қоқыс тазартылып, табиғи су ағымы реттеледі. Бұл шаралар өзеннің экологиялық тепе-теңдігін қалпына келтіруге, су сапасын жақсартуға және болашақта су тасқыны қаупін азайтуға септігін тигізеді.

Қазіргі таңда өзен бойында заманауи инфрақұрылым қалыптастырылуда. Жаяу жүргіншілер жолдары салынып, 139 орындық және энергия үнемдейтін 360 шам орнату, сондай-ақ 8 жаяу жүргінші көпірін салу қарастырылған. Бүгінде 70 шам орнатылып, 3 жаяу жүргінші көпірі тұрғындардың пайдалануына берілді. Бұл – өзен жағасында қауіпсіз, қолайлы және эстетикалық жағынан көркем демалыс аймағын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жобаның тағы бір маңызды аспектісі – жауын-шашын мезгілінде өзеннің су тасу қаупін азайту. Бұл өзеннің арнасы мен жағалауын бекіту арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстары тұрғындардың демалысы мен серуендеуіне арналған заманауи инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Бұл жоба тұрғындардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, қаланың көркем келбетін айтарлықтай жақсартуға септігін тигізеді.

Қошқар ата өзенін абаттандыру жұмыстары – қаланың рекреациялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жоба. Болашақта бұл аймақ қаланың туристік әлеуетін де күшейтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосатын маңызды орталыққа айналады деп күтілуде.

Қала әкімдігі атқарылып жатқан жұмыстарды қатаң бақылауда ұстап, жобаның сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл бастама тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және көркем демалыс аймағын ұсынумен қатар, қала аумағындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған жүйелі шаралардың нақты көрінісі болып табылады.