Карантин талаптарын бұзған кафе анықталды

Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының мобильді топтары кәсіпкерлік субъектілердің карантин режимін бұзғанын анықтау және бұл жайттардың жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуде деп хабарлайды Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі. Коронавирустық инфекцияның алдын алу, таралу және жұқтыру қаупіне қарамастан, бірқатар мекемелер карантиндік шектеулерді жүйелі түрде бұзып келеді. 2021 жылдың 19-тамызында түнгі 01:15 уақытта Әл-Фараби ауданындағы Байтұрсынов көшесінде орналасқан «ТS Doner» кафесі карантин талаптарына бағынбай жұмысын жалғастырып жатқаны анықталды. Осы анықталған жайтқа қатысты жинақталған материалдар шара қабылдау үшін Әл-Фараби ауданы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне іс-құжаттар жолданып, кафе әкімшісінен түсініктеме алынды. Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырады.