Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында көрсеткен 4 бағытын іске асыруда Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік органдарға тапсырмаларын берген. Осыған сәйкес ҚР Ішкі істер министрлігінде ауқымды жобалар жасалуда. Өзінің тиімділігі және маңыздылығымен қолға алынған жұмыстар еліміздегі құқық қорғау саласында да жүзеге асырылуда. Сондықтан ІІМ-нің орынбасары Сәкен Сәрсенов осы аталған бағыттағы жұмыстарды бақылау мақсатында Түркістан облысына арнайы іссапармен келді. ІІМ-нің орынбасары бірінші кезекте Түркістан облысы әкімдігінде орналасқан «Ахуалдық орталыққа» барды. Аталмыш орталықта бейнебақылау камераларымен анализ жасап отыратын қызметкерлердің қызметін бақылады. Сондай-ақ облыс орталығындағы маңызды нысандарды аралап, ондағы туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін орнатылған «SOS» батырмаларымен танысты. Яғни аталған батырмалар Түркістан облысы Полиция департаментіндегі Жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Азаматтарға, шетелден келген туристерге қандай-да бір қауіп төнетін болса, көмек қажет кезінде қоғамдық орындарда орнатылған осы «SOS» батырмалары арқылы полицейлерге тікелей хабар беруге болады. Өз кезегінде тәртіп сақшылары қоңырауды қабылдап, сол орынға экипажды, учаскелік полицейді бағыттайды. Осылайша тез арада қылмыстың алдын алуға не болмаса оны жедел ашуға мүмкіндік туады.ҚР ІІМ-нің орынбасары С.Сәрсенов Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Мамандандырылған қызмет көрсету орталығына тоқтады. Онда мамандардың жұмысымен танысты. Бүгінгі күнге дейін көші-қон саласы бойынша атқарылған жұмыстарды қадағалады. Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебі мен №17 Ататүрік атындағы білім ордасына арнайы барды. Онда мектептерге қойылған бейнекамералардың жұмысын көріп, мектеп ұжымымен тілдесті. Сонымен қатар «Толағай» және «Балдырған» атты қос балабақшаға аялдап, бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне баса назар аударды. Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментіндегі жедел басқару орталығына өңірдегі 485 мектептің 3831 камерасы интеграцияланған. Яғни тәртіп сақшылары мектептерде орын алып жатқан жағдай бойынша тікелей қарап, бақылап отыра алады. ІІМ орынбасары Сәкен Сәрсенов бірқатар білім беру орындары мен бала бақшаларға барып, бейнекамералардың іске қосылуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен жіті танысты. Сонымен қатар Түркістан қалалық полиция басқармасына барған ІІМ-нің орынбасары кезекші бөлімнің және тергеушілердің «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында атқарып жатқан жұмыстарын көрді. Осыдан соң Полиция департаментіне ат басын бұрған С.Сәрсенов ЖБО-ға қосылған камералар мен ондағы тәртіп сақшыларының қызмет атқаруын бақылады. Айта кетер болсақ бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында тәулік бойы 540 бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр, оның ішінде 56 бейнебақылау камерасы облыс орталығында орналасқан. Ағымдағы жылдың басынан бері сыртқы бақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері 95 қылмыс ашылса, 67,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық дер кезінде анықталды. Яғни «ұсақ бұзақылықтың» — 8633, «алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға келудің» — 2812, «белгіленбеген орындарда темекі өнімдерін тұтынудың» — 760, «қоғамдық орындарда тиісудің» — 387 жайты мен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 45,5 мыңға жуық жағдайы тіркелген.Полиция департаментінен соң Сәкен Сәрсенов Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы полиция бөліміне арнайылап барды. Аталған ауданның мектептеріне қойылған бейнебақылау камералары полиция бөліміне интеграцияланған. Яғни аудан полицейлері мектептердегі және оның ауласындағы болып жатқанның бәрін нақты уақыт режимінде көріп, балалардың қауіпсіздігін бейнекамералар арқылы бақылайды. Осылайша «Цифрлы Қазақстан», «Азаматтардың хабарламаларын қабылдау үдерісінің бірізділігі» бағдарламалары мен «Полицияның сервистік модельге көшуі» негізінде стационарлық бекеттерді аралап, бірқатар білім беру орындарына арнайы аялдап, мектептер мен балабақшалардағы бейнебақылау камералары жүйелерінің жұмысымен танысқан ІІМ орынбасары Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға өзінің оң бағасын берді.
ТО ПД баспасөз қызметі