Шекарадан есірткі алып өтпекші болған алматылық тұрғын ұсталды

Келес аудандық полиция бөліміне ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Б.Қонысбаев» шекара бақылау қызметінен Қазақстан Республикасының азаматы есірткі алып өтуі мүмкін екендігі туралы хабарлама келіп түсті.

Ақпаратты алған полиция қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына аттанып, тексеру амалдарына бірден кірісті. Нәтижесінде күдік тудырған Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына өтіп бара жатқан ер адамға тінту жүргізді.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары үстіндегі спорттық киімінің оң жақ қалтасынан ақ түсті қағаз қиындысына оралған жасыл түсті өзіне тән хош иісті есірткіге ұқсас затты айғақты зат ретінде тәркіледі. Алынған затқа сараптама тағайындалып, қорытындысы бойынша «марихуана» есірткісі болып шықты.

Күдіктінің жеке басын анықтау барысында, оның Алматы облысының тұрғыны екендігі белгілі болды.

Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы 1-бөлігімен «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі