Бүгінгі таңда жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру мектеп жасына дейінгі кезеңнен бастап өзекті мәселеге айналып отыр. Балалардың шығармашылық, қызығушылық қабілетінің, көркемдік талғамының дамуының бірден бір жолы – театр. Театр әр балаға қуаныш, қызық, ұмытылмас әсер сыйлайды. Балалардың көркемдік талғамын, қиялын дамытады. Қазақ халқының өнер жұлдыздарының бірі Ш. Айманов «Театр — адамдарды туыстыратын шығармашылық отбасы, сахна өнері — тіл жетпес құдыретті өмір шындығын білу, яғни адамның сахнаны сүймеуі мүмкін емес» — деген болатын. Балалар тілін дамытуда, олардың өмірге деген көркемдік көзқарастарын қалыптастыруда театрландырылған қойылымдар ерекше рөл атқарады. Балалар кейіпкерлерді ойнай отырып, олардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарын береді және ойын арқылы тілдерін дамыта отырып, адамгершілік жақсы қасиеттері қалыптасады. Сондықтан да, театр қойылымдары балабақша тәрбиеленушілері үшін маңызын еш уақытта жоймайды.
Театрланған әрекет бұл – эмоция – ынталандыру — сөйлеу әрекеті. Костюмдердің әртүрлілігі, спектакльдер, кішкене қойылымдар балалардың театр ойындарына, театрландырылған әрекетке қызығушылығын дамытады.
Адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа дейін қалыптасады екен. Сондықтан да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті,
тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне, тілінің дамуын театрландырылған қуыршақ ойындар арқылы жетілдіруге болады. Ал театрландырылған ойындарды балалар қызықтап ойнайды. Театрландырылған ойындар ойын-қойылымдары болып саналады, бұл жерде балаларға арналған көркемдік шығармаларды сахналық қойылымдарға айналдырып, оларды кейіпкер ретінде қатыстырудың маңызы зор. Баланы сахнада кейіпкер ретінде ойната отырып, оның жеке тұлғасын жан-жақты дамытамыз. Оның бойында әдебиетке, мәдениетке, өнерге деген құштарлықты оятамыз. Бүлдіршіндер сахнада шағын рөлдерде ойнау арқылы байланыстыра сөйлеуге, әдемі киініп, жинақы жүруге, үлкендермен және өзге де балалармен тіл табыса білуге үйренеді. Жетілген диалог балалардың өз пікірін жеткізе білуге жетелейді. Қазір біздің бөбекжай-бақшасында балалармен ертегілер мен әдеби шығармаларды рөлмен ойнау, қойылымдар қою жұмыстары жақсы жүргізілуде. Кейіпкерлердің диалогы, жаңа рөлдер, баланың сөйлеу қабілетін, қызығушылығын арттырады. Әсіресе балаларға өлең түріндегі диалогтар ұнайды.Театр балаға өз ойын, мүмкіндігін іске асыруда, ойын еркін айта білуде үлкен әсерін тигізеді. Рөл баланың потенциалдық, коммуникативтік қорын ашуда, шығармашылық қабілетін дамытуда, нәзік қол моторика әрекетін үйлестіре білуде, шығармадағы сөздерге байланысты қимылдарды үйлестіре білуге көмектеседі.
Көп жағдайда баланың тақырыпқа қызығуы, олардың ертегі тілімен сөйлеуге деген қызығушылығы тәрбиешіге байланысты. Ритмикалық құрастырылған мәтіндер баланың бар ағзасымен қоса сөйлеу қабілетінің дамуына әсер етеді. Белгілі бір сомдалған рөлдің атынан сөйлегенде бала жанындағы адаммен қарым-қатынасқа еркін түседі, сөздік қоры молайып ашыла түседі. Мектепке дейінгі балалармен спектакль құру – қызықты әрі пайдалы әрекет. Барлығы бірігіп жасаған шығармашылық әрекет белсенді емес балаларды да қызықтырып, әрекеттенуге, жанындағы балалармен қарым-қатынасқа түсуіне себепші болады. Жұмыс барысында тақпақты мәнерлеп айтуда, өз ойын айтуда, кейіпкерлердің сөздерін айтуда балалардың сөздік қоры жақсы дамиды.
Театр түрлері өте көп. Соның ішінде қуыршақ театры бізде жақсы дамыған.
Сәбилер тобында жұмыс істеп жүргенімде, балалар қарапайым қуыршақтар театрын, үстел үсті театрын үйрене бастады. Олар резиналы, жүмсақ, әр түрлі пішінді ойыншақтар қолданды. Қуыршақтарды балалар қолдарына алып, оның қандай екенін, сипатын, мінезін, тұлғасын ажырата бастады.Өзі арнайы диалог тауып, қуыршақпен сөйлесіп, тілін дамыта бастады. Бірақ бұл жерде үлкендердің көмегі қажет болды, өйткені сөздерді дұрыс айтуға, дұрыс сұрақ қоюға септігін тигізеді. Жылдың соңында сәбилер тобының балалары үстел үсті театрын толықтай меңгеріп, өздері сахналап, қысқаша спектакльдерді ойнап бере алатын болды. Ал қазір мен ортаңғы топтың балаларымен жұмыс істеймін.
Ортаңғы топта балалар ширмамен танысады, қолдарына арнайы қуыршақтарды киіп іс-қимылдарын, әуен ырғағымен немесе әнмен жақсы келтіре бастайды. Онда адамдар рөлін ойыншықтар ойнайды. Жіптің көмегімен басқарылатын қуыршақтарды – маринеткалар дейді. Оларды әр түрлі материалдардан жасайды. Жұмсақ ойыншықтарды да қолдануға болады. Мұндай ойыншықтар қозғалысқа ағаш таяқшалары арқылы келтіріледі, яғни екі айқастырылған ағаш арқылы жіп өткізіліп ойыншыққа байланады. Қолмен қуыршақтарды басқарады. Театр қуыршағының биіктігі баланың биіктігіндей болады. Бала өзіне костюм, үлкен бетперде, үлкен алақандар киеді, олар тірі қуыршаққа ұқсайды. Қуыршақтарды біз балалармен бірлесе отырып өзіміз жасауға тырысамыз. Оның негізі болып үш бұрышты орамалды алуға болады. Бір бұрышын қуыршақтың басына, екібұрыштарын резинка арқылы баланың саусақтарына бекітіледі. Қуыршақтың басына тесмалар қосады, ол қуыршақпен жүргізушінің мойнына ілінеді. Бұл қуыршақтар балаларға әнмен, бимен, ойынмен көрсету арқылы шығармашылықтарын дамытады. Бұл балалардың өздерін еркін сезінуіне, өз күшіне сене білуге көмектеседі.
Қуыршақ театрынан басқа балалардың жас ерекшеліктеріне қарай саусақ театрын және көлеңкелі театрын іс жүзінде жүргізудеміз.
Саусақ театрында – саусақтардың көмегімен қандайда болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналау болып табылады. Саусақ театры арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады. Бұл жерде балалардың шығармашылық ойлау қабілеттері дамиды. Ұжымдасып жұмыс істеу үрдісінде әрбір бала өзіне берілген бейненің түр-тұлғасын, қимыл-қозғалысын өзгерте алады.
Көлеңкелі театр – жарық өте жақсы түскен экранда адамдар, жануарлар және құстардың пішіндерінің қозғалысына қарауды балалар өте жақсы көреді. Ертегі, әңгіме, өлең, әңдері көлеңке театры арқылы айтуға болады. Көлеңке театрдың қойылымын көрсетуге үш тәрбиеші қатысады. Біреуі мазмұнын оқиды, екуі көріністі көрсетеді. Көлеңке театрдың сахнасы экран болады. Экранды ағаштан немесе калың кардоннан жасайды, ою-өрнекпен өрнектейді. Кейіпкерлерді көрсету үшін – оны экранның арт жағынан ұстайды. Кейіпкерлерді қара түспен жұқа кардоннан жасайды, жіп арқылы қозғалтады. Кейіпкерлерді көрсеткенде қол көрінбеу керек. Бұл көріністер балалардың шығармашылықтарын арттырады, ой өрістерін дамытады. Ойын барысында балалар өзара қарым-қатынасқа түсіп, бір-бірімен тіл табысады, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді.
Балалар таныс ертегілерін қазақ тілінде үлкен жауапкершілікпен, қызығушылықпен рөлдерге бөліп сахналайды. Кейіпкерлердің мінез-құлықтарын, дауыс ырғақтарын дәл салып, диалог сөздерді мәнеріне келтіре айта біледі.
Педагог балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелей отырып, олардың бойына күнделікті өмірге қажетті әр түрлі машықтарды қалыптастырады. Олар мыналар: ұжымдық өмірдің машықтары жолдасы дер кезінде көмек беру, айтқанды тыңдап бағына білу және т.б. Мәдениетті сөйлеу машықтары сыпайы қарым-қатынас жасау, аты-жөнімен атау, байсалды сөйлеу, айтайын деген ойын толық жеткізу, сөйлесіп тұрған екінші адамды тыңдай білу және т.б. Көркемдік машықтар өздігінен ән айтып, би билеу, мәнерлеп ертегі, тақпақ айтып беру, әр түрлі материалдардан ойыншықтар, атрибуттар, әсемдік бұйымдар жасай білуге итермелейді.
Қойылымды сахналау үшін алдын ала дайындық жұмыстарын жүргіземіз:
1.Педагогтар балаларға ертегі, әңгімелер оқып, немесе әңгімелеген кезде ертегідегі кейіпкерлердің мінез-құлқына, дауысының ырғағына, қимылдарына назар аударылады.
2.Әр кейіпкердің киіміне көңіл бөлінеді. Қуыршақ театрында қуыршақтардың киімі өзгертіліп отырады.
3.Сұрақ-жауап арқылы кейіпкердің қимылын, іс-әрекетін байқап, бағалап отырады.
4.Қимыл мен сөз арасындағы байланысын қадағалайды.
Дайындық топтарындағы балалардың театрландырылған ойындары қиындай түседі. Балалардың тілін жаттықтыру үшін, қазақ халқының асыл сөздерімен сусындата отырып, әрбір сахналық қойылымның алдында қазақ әндерін, қазақтың ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдерді, мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды, санамақтар мен жұмбақтарды, түрлі ұлттық ойындарды, ән-күйлер мен билерді кіріктіріп отырады. Театрлық ойынға қатысушы даярлық тобының балалары кейіпкерлердің мінезін, жүріс-тұрысын, әдеттерін айнытпай салып көрерменге иланымды етіп ойнау үшін, талмай жаттығулар жасалады.
Шымкент қаласы, № 97 «Ақмарал» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Асқарбекқызы Лаура