Шымкентте Қостанайлық қуыршақ театры қойылым қойды

Театр-рухани байлықтың қайнар көзі. Қазақ тарихында «театр» ұғымы болмаса, қазақ өнерінің белгілі бір деңгейде даму жолы қиынға түсуші еді. Ерекше сағынышпен, асқан махаббаттарымен театрдың әр қойылымын аңсап күтетін қадірлі көрермендерді көргенде көзіміз тоятыны жалған емес. Осындай өнер сүйер қауым үшін театр ұжымдары да сапалы қойылымдар қоюға тиісті жұмыстар жүргізіп келеді.

Осы аптада Қостанай облыстық қуыршақ театры гострольдік сапармен Шымкентке келіп, көрермендерді қуанттып отыр.

Бүгін Шымкенттегі «Қуыршақ және жасөспірімдер» театрында кезекті қойылым қойылып, Қостанай облыстық қуыршақ театрының директоры Мәди Нұрмұхаммедов баспасөз өкілдері және театр ұжымымен алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Өзара тәжірибе алмасу мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылған болатын. Соның аясында театырымызбен 10 күндік гастрольдік сапарға келдік. Театр көрермендеріне 4 қойылым ұсынып отырмыз. Бүгін соның бірі «Экопатруль» қойылымын көрермендер тамашалады. Сондай-ақ қазіргі уақытта Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының шығармашылық тобы Қостанай қаласында. Қостанайда театрдың қанша жылдық тарихы болғанымен қазақ труппасы жоқ. Сондықтан біздің қаланың тұрғындары да қазақша қойылымдарды ерекше ықыласпен қабыл алуда, – деді Мәди Нұрмұхаммедов.

Қостанайлық театр ұжымы ұсынған «Экопатруль» қойылымының негізгі идеясы балаларды табиғатты қорғауға шақырады. Қойылымдағы кейіпкерлер қала қорғаушысы, су қорғаушысы, орман қорғаушысы болып бірігіп, қоқысты жоймақшы болады. Кейіпкер де қойылым барысында өсіп, үлкейіп, онымен күресуші батырлар түрлі қиындықтарға тап болады. Соңында батыр кейіпкерлер жеңіске жетіп, қоршаған ортаны ластауға болмайтынын, онымен күресудің оңай еместігін көркем әрі түсінікті жеткізеді. Мұнан өзге үш қойылымда ғибратқа толы.

Айта кетейік, қойылымдар 29-шы қыркүйекке дейін жалғаспақ.