Қыздармен психологиялық кездесу өтті

Бүгінде ерте жүктілік қоғамда жиі кездесетін жайт. Жастықпен от басып, өмірін тәуекелге тіккен бұрымдылар психологиялық күйзеліске ұшырайтыны да ақиқат. Дегенмен дерт дендемей жатып, оны ауыздықтау қоғамның негізгі міндеті. Осындай ауқымды мәселені арқау еткен шара түндігін түрді. Күні кеше мегаполисімізде «Қыздар кеңесі» мектебінің жобасы аясында «Ел сұлуы-қыз бала» атты психологиялық кездесу өтті. Аталған жобаның мақсаты – жастар мен жасөспірімдер арасында белең алып жатқан ерте жүктіліктің алдын алу және қыз балаларға профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Кездесуге Абай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы –Бибіфатима Хамитбекова, Шымкент қаласы бойынша тәжірибелі психолог, психотерапевт коуч практик және психологиялық кітаптардың авторы Жанат Атаева, «Медикер ЮК» медициналық орталығының гинекологы Бибігүл Пирниязова, Шымкент қаласы бойынша тәжірибелі психолог арт-терапевт, психотерапевт Асанова Салтанат және жоғары және орта арнаулы оқу орындарының психологы мен қыздар ұйымы қатысты.

         Басқосу барысында аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім жастар мен жасөспірімдердің психологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған көрініс көрсетілді. Сонымен қатар, психологтар өмірлік қиын жағдайға түскен жастарды әлеуметтік қоғамға тарту мәселелері айтып, инабатты қыз, ұлағатты ұл тәрбиелеу – ата-ананың да, ұстаздар қауымының да міндеті екенін айта келе, бұл бағыттағы жұмыстар ұлттық дәстүрді негізге ала отырып жүйелі жалғасатындығын жеткізді. Басқосуда ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Сонымен қоса, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қыздар кеңесі» мектебі жобасы аясында жоғары және орта арнаулы оқу орындарында қыздар кеңесі өткізілді. Аталған кездесудің мақсаты- қыздардың өсіп дамуына қолайлы психологиялық және әлеуметтік жағдай жасау. Келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу, өмірге құштарлығын арттыру. Қыз балалардың тәрбие үдерісінде психологиялық заңдылықтырды ескере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыру, қыздардың шығармашылық және интеллектуалдық потенциалдарын дамыту.
         Аталмыш семинар-трейнингте бұдан бөлек өзіне қол жұмсау аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім жастардың психологиялық сауатын арттыруға арналды.Өмірлік қиын жағдайға түскен жасөспірімді қоғам ортасына тартып, әлеуметке бейімделуі үшін ұстаздар қауымының да үлесі айырықша.      Ауқымды шараға қаламыздың арнаулы жоғарғы оқу орындары мен колледждерінен 3000-ға жуық жастар қатысты. Алдағы уақытта мұндай жиындар жалпы орта білім беретін мекемелерде де жүзеге асырылмақ.

Ntime.kz