Биыл еліміздің батыс өңірлеріндегі қуаңшылыққа байланысты еріктілерді біріктіріп, сол облыстарға жем-шөп жіберуге айрықша үлес қосқан Құрмет Талапқазы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медаліне ие болды. Елдің алғысын алған өрелі ұлға марапатты Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев тапсырды.Құрметтің отаншылдығы жастарға үлгі болатынын айтқан басқарма басшысы оған естелік сыйлық ұсынып, Түркістан өңірінің еңбекқор жұртшылығы игі бастамаларды әрқашан қолдап келе жатқанын атап өтті. Азаматқа елдің ықыласы ерекше екенін жеткізді.Айта кетейік, биыл Түркістан облысының тұрғындары да Маңғыстауға асарлатып шөп жіберу жұмысына белсене атсалысты. Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының қолдауымен Маңғыстау өңіріне 100 вагондай жем-шөп жеткізілді.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі