Бүгін «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеевтің бастамасымен 2024 жыл 12 сәуірінде Астана қаласында Қазақстанның еңбеккер әйелдерінің «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» атты I-ші Форумына Шымкент қаласынан қатысқан делегаттармен кездесу өтті. Олар: Рысбаева Шолпан, Ордабекова Жұлдызай, Саткеева Айгүл және Сүйіндікова Гүлнұр. Отырысқа салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты.
Кездесу еркін форматта өтті. Делегаттарымыз Форумда өткен іс-шаралардын маңыздылығын, әлемнің үздік үлгілеріне сүйене отырып, мемлекеттің гендерлік саясатын жетілдіру, қоғамдағы әйел рөлін арттыру, олардың әлеуетін дамыту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау және жұмыс орнында тиісті жағдай жасау мәселелері бойынша тиімді ұсыныстар талқыланғанын айтты.
Сонымен қатар жиын барысында делегаттар ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Қазақстан Республикасындағы әйелдердің еңбек құқығы» социологиялық зерттеуінің нәтижесімен танысып, өндіріс орындарындағы еңбекші әйелдердің құқығын қорғау, ұжымдық келісімшарттарда әлеуметтік кепілдік беру, денсаулық сақтау, демалыс ұйымдастыру, оқу-ағарту және нәтижелі жұмыспен қамту туралы пікірлерін айтып, ойларын ортаға салды.
Жиын барысында делегаттарымызға Форумға қатысты әйел мәртебесін көтеру туралы бірнеше сұрақтар қойылып, оларға толық жауаптар алынды және де пікір алмасулармен жалғасты.
Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Абдурайра Манахов кәсіптік және өзге мерекелер туралы заңына сәйкес, салалық іс-шараларды көтермелеу мақсатында ҚР «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының орталық комитетінің шешімімен «Елеулі еңбегі үшін» «Бөрте ханым» медалін Сүйіндікова Гүлнурға табыстады.
Ал «Қызмет» мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов белсенді қызметі үшін «Еңбек озаты» төсбелгісімен Ордабекова Жұлдызайды марапаттады.
Жиын соңында Бауыржан Алтеев ҚР Кәсіподақтар федерациясы бастамасымен еліміздің Астана қаласында Қазақстанның еңбеккер әйелдерінің Форумына қатысқан делегаттарымызды құттықтап, гүл шоқтарын табыстады.