Аула клубтары арасында өткен турнир мәресіне жетті

Бұқаралық спортты дамыту — бірегей міндет. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуы маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасында спортпен шұғылданатын адамдардың санын арттыру қолға алынды. Нәтижесінде спорт нысандарының саны өсіп, жастардың спортқа қызығушылы артып келеді.

Осы орайда Шымкентте  шағын футбол және баскетболдан аула клубтары арасында турнир өткен болатын. Қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен жарысқа шаһардың әрбір ауданынан 500-ден аса жас спортшы қатысып, турнир өз мәресіне жетті. Турнирдің мақсаты – жастарды дене шынықтыру және спортқа баулу арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып, нашақорлық және есірткіге қарсы күресуге үйрету. Осындай жобалардың нәтижесінде спортқа қызығушы жастардың қатары артып келеді, дейді ұйымдастырушылар.

«Ақ арыс» спорт кешенінде өткен марапаттау рәсімінде ішкі саясат және жастар істері басқармасының бөлім басшысы Қадырхан Арысбеков сөз сөйлеп, турнирдің жүлдегерлері мен жеңімпаздарын құттықтады және бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен жарыста баскетболдан жүлделі 3-ші орынды — «Нұртас» командасы,

2-ші орынды — «Қабанбай батыр» командасы иеленді. Ал, баскетбол бойынша турнирдің чемпионы атағын «Тұрлан» командасы иеленді.

Футбол бәсекесінде «Қабанбай батыр» командасы үздік үштіктен көрінсе, күміс жүлде «Тұрлан» командасына бұйырды. Футбол бойынша турнирдің чемпионы атағын «Бүркіт» командасы жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.