Түркістан қаласы полиция департаментінің нұсқаулығына сәйкес ағымдағы жылдың қараша айының 23-30 аралығында қала аумағында “Борышкер” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара әкімшілік айыппұлдарды төлеуден қашып жүрген құқықбұзушыларды анықтаудың тиімділігін көтеруге бағытталған. Айыппұл төлемей қашып жүргендердің автокөліктері айыптұраққа жеткізіліп, салынған айыппұлды төлеген соң ғана шығарылады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 893-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұлды қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 (отыз) тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс. Төленбеген жағдайда осы Кодекстің 894-бабына сәйкес, айыппұл салу туралы қаулыны немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) жауаптылыққа тартылған тұлғаның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл сомасын мәжбүрлеу тәртiбiмен ұстап қалу үшiн ол жұмыс iстейтiн не сыйақы, зейнетақы, стипендия алатын ұйымның әкiмшiлiгiне жiбередi. Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс iстемейтін болса немесе басқа да себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзге де табыстарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаса, қаулыны шығарған сот, уәкілетті орган айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы ҚР-ның заңнамасында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп орындату үшiн сот орындаушысына жiбередi.
Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары! Айыппұлдарыңыз бен көлік салығы төленбеген болса, дер кезінде өтеу керектігін ескертеміз!
Сонымен қатар, жол ережесін сақтап, тәртіп бұзбауларыңызды сұранамыз!